«Қарттарым – асыл қазынам» демекші, дария қарттарын құрметтеген ел – берекелі ел. Дәл осы қағидаларды ұстанған Қаражал-Жәйрем аймағында Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясы Қаражал қалалық филиалының жоспарына сәйкес ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
«Ардагерді ардақтайық» партиялық жоба аясында 29 қыркүйек–2 қазан аралығында өткен айтулы 5 іс-шаралардың мақсаты – аға буынға құрмет көрсету, олардың ел мен қоғамның дамуына қосқан сүбелі еңбегін, өнегелі өмір жолын көрсету арқылы жас буынның санасына ардагерлерді ардақтау – ұрпақтың парызы екенін сіңіру болды.
«Ардағым – ардагерім» акциясы аясында Қаражал қалалық филиалының қызметкерлері, партия белсенділері, филиалдың Әйелдер қанаты өкілдері бірлесіп аймақтың 6 ардагерінің шаңырағына мереке қарсаңында арнайы барып, айтулы күнмен құттықтап, сый-сияпатын табыс етіп, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетті.
«Кітаппен шексіз мейірім» атты № 12 кітапхана филиалының ұйымдастырған акциясына кітапхананың тұрақты қарт оқырмандары – Жәйрем кентінің ардақты ақсақалдары қатысты. Кітапхана филиалының меңгерушісі, қалалық партия филиалының Саяси кеңес мүшесі Алма Абдразақова кітап оқуды өмір сүру нормасына айналдырған қарттарға, тәтті себеттермен қатар сыйлық ретінде жаңа кітаптарды да табыстап, ардагерлердің риясыз ризашылығының куәсі болды.
«Қартқа бізден құрмет бар» атты мерекелік шара Жәйрем кенті әкімі аппаратының, мәдени-сауық орталығының және қалалық филиалдың бірлескен жоспарына сәйкес өтті. Мерекелік шара барысында кенттің 80-ге жуық ардақты қарияларына ақ тілектер айтылып, сый-құрмет көрсетілді. Ақ дастархан басындағы жылы жүздесу барысында қарттар өзара пікір алмасып, өткен күндерден естеліктер айтып, жас ұрпаққа ақ баталарын берді. Мерекелік бағдарламаны МСО өнерпаздары ән мен күйге бөлеп, қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Қарттарым – асыл қазынам» атты қарттарға құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге арналған Қаражал қаласының орлықтандырылған кітапханалар жүйесінің мерекелік іс-шарасы өтті. Шараға Қаражал қаласындағы «Алтын оймақ» үйірмесінің ақ жаулықты әжелері қатысып, мың бұралған биімен қатысушыларды тәнті етіп, мерекенің шымылдығын түрсе, ал мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, әжелердің ризашылығына бөленді. Шараға арнайы қатысқан «Әділет» партиясы Қаражал қалалық филиалының басшысы Гүлмира Исина ақ жаулықты әжерелге жылы лебізін жеткізіп, игі ниетпен тәтті сыйлықтарды табыстады. Кездесу барысында ардагерлердің өмір жолы мен еңбек жылдары жайлы әңгіме өрбіп, олардың кейінгі буынға берер ақыл-кеңесі тыңдалды. Шара барысында ұрпақтар сабақтастығы айқын көрініс тауып, аға буын мен жас ұрпақ арасында жылы байланыс орнады. Қалалық партия филиалының Саяси кеңес мүшесі Тлеухор Байшукенованың ұйымдастыруымен, 70-ке жуық әр жас өкілдерін біріктірген шара, аға буынға құрмет – жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін әсерлі кездесуге айналды.
Ізгі шараларға қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған азаматтарға, атап айтқанда, «Жаңаарқа-2006» ЖШС ұжымына (Қаражал қаласының үш ардагеріне демеушілік көрсетті) және «Қаражал тәттілері» ЖК басшылығына «Әділет» партиясы Қаражал қалалық филиалы алғысын білдірді. Қоғамдық бастамаларға қолдау білдіріп, ардагерлерге қуаныш сыйлауға үлес қосқан азаматтардың бұл игі ісі көпке үлгі.
Ардагерлер – ел тарихының тірі шежіресі. Олардың маңдай терімен атқарған еңбегі, ел игілігі жолындағы қажырлы қызметі бүгінгі ұрпаққа әрдайым үлгі. Сондықтан, қарттарды құрметтеу тек мерекелік күнмен шектелмей, күнделікті өмірдегі ізгі дәстүрге айналуы тиіс.
Қарттарымыздың ақ батасы мен ізгі тілегі – елдің берекесі. Ардагерлерді ардақтап, олардың өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа насихаттау – баршамызға ортақ міндет. Қариясын құрметтеген елдің ырысы артып, бірлігі бекем болады. Ардагерлеріміз аман болып, әр шаңырақта үлкендердің ақылы мен батасы орнай берсін!
Рзық СЕМБЕК,
«Әділет» партиясы Қаражал қалалық филиалының консультанты
