Құрметті ұстаздар қауымы!

Білім саласының ардақты ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұрпақ санасына білім нәрін сеуіп, адами асыл қасиеттерді бойына дарытатын ұстаздар қауымына халықтың құрметі әрқашан ерекше. Хакім Абай айтқандай, «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан». Өйткені, қоғамның ең басты байлығы – сапалы, саналы адам болса, сондай тұлғаны қалыптастырушы – Сіздерсіздер.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деген ұғым мұғалім мәртебесінің қаншалықты биік екенін көрсетеді. Ұстаз – тек білім беріп қоймай, елдің болашағын, келешек қоғамның іргетасын қалайтын бірегей тұлға.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын, оның ішінде мұғалімдердің еңбегін лайықты бағалауға тұрақты көңіл бөліп келеді. Педагогтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың мәртебесін арттыру және білім беру саласына жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі.

Қазіргі бәсекеге қабілетті, жаһанданған заманда білімді ұлт қана озық нәтижелерге қол жеткізе алады. Осы орайда заман талабына сай жаңа технологияларды меңгеріп, сандық білім беру жүйесін шебер қолданып жүрген ұстаздарымыздың еңбегі орасан.

Өңірімізде облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпаздары, дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығарған тәжірибелі мамандар аз емес. Сонымен қатар, мектеп ұжымдары қаламыздың қоғамдық, әлеуметтік өміріне де белсене араласып, әрдайым алдыңғы қатардан көрінуде.

Қадірлі ұлағатты ұстаздар!

Өркениетті елдің ертеңі, білім жүйесінің өзегі де, тиянағы да – сіздерсіздер. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына, өркениетті ұрпақ тәрбиелеуге қосып жатқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін терең алғысымызды білдіреміз.

Еліміздің мәртебесін асқақтататын білімді де дарынды шәкірттеріңіз көбейе берсін!

Сіздерге бекем денсаулық, отбасыларыңызға береке, жауапты әрі мәртебелі еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!

Ізгі тілекпен,

Айқын ЕЛЕУСІЗОВ,

Қаражал қаласының әкімі.

Зәмзагүл ОСПАНОВА,

қалалық мәслихат төрағасы.