Қазақстанның жүлде қоржыны қомақты

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл Алатаудың бөктеріндегі айыр қалпақты ағайындар елінде басталды. VI рет жалауын көтерген дүбірлі додада үш мыңнан астам спортшы қатысып, бақ сынасуда.

Қырғызстанда өтіп жатқан байрақты бәсекенің үшінші жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Ұлттық құрама бір күнде 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Бұл күні Қазақстандық спортшылар аударыспақ, құсбегілік, самбо, қырғыз күресі, арқан тартыс және қол күресінен жоғары нәтиже көрсетті.

Аударыспақтан Сырым Ізбасаров (100 келіге дейін) пен Өткелбай Дарын (90 келіге дейін) алтын медаль иеленді. Сырым Ізбасаров осылайша Көшпенділер ойындарының үш дүркін чемпионы атанды.

Құсбегіліктен Серікболсын Жалғасұлы алтын алса, Арман Қошқаров пен Бақдәулет Бабажан күміс, Ерлан Кенжетаев қола жүлдеге ие болды.

Самбодан +98 келіде Сапар Болат чемпион атанды. Қырғыз күресінен Алмас Жұмағали күміс медаль еншіледі. Арқан тартыстан Қазақстан құрамасы 4×4 бағдарламасында Иран спортшыларын жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Үшінші күннің ең мол жүлдесі қол күресінен келді. Қазақстан спортшылары 7 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.

Орайы келгенде айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 елден шамамен үш мыңнан аса спортшы қатысуда. Биыл спортшылар 43 спорт түрі бойынша өнер көрсетеді. Олардың қатарында ұлттық ойындар, ат спорты, ұлттық күрес түрлері, зияткерлік ойындар мен құсбегілік сайыстар бар.

Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел намысын 150-ден астам спортшы қорғауда. Осыдан екі жыл бұрын Астанада отандық толағайлар 114 медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте топ жарған болатын. Қазірдің өзінде биылғы жүлде қоржынымыз қомақты болып қалды.

 Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ