Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы 2013 жылы жұмысын бастады. Құрылған күннен бастап орталық мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету, қоғамдық белсенділігін арттыру және жастар бастамаларын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінде Қаражал қаласы және Жәйрем кенті жастарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, олардың әлеуетін дамытуға ықпал етіп отырған маңызды мекемелердің біріне айналды.
Халықаралық жастар күні 1999 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен бекітіліп, 2000 жылдың 12 тамызынан бастап ресми түрде атап өтіле бастады. Халықаралық жастар күнінің басты мақсаты – жастардың қоғамдағы рөлін айқындау, олардың мәселелеріне назар аудару және белсенді, білімді, шығармашыл әрі бастамашыл жастарды қолдау. Жастар – мемлекетіміздің ең үлкен байлығы, ел дамуының басты қозғаушы күші.
Бүгінде жастардың сапалы білім алып, еңбек етуіне, шығармашылықпен айналысуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына барлық жағдай жасалған. Осы бағытта Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы 2026 жылы да жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, патриоттық рухын қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын көтеруге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқаруда. Жыл сайынғы ең ауқымды жобалардың бірі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы.
Биыл да өңір жастары туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосып, көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық орындарды күтіп-ұстау жұмыстарына белсенді қатысты. «Жасыл ел» жобасы жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеумен қатар, олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық-экологиялық акциясы аясында өңірде сенбіліктер, ағаш отырғызу шаралары мен экологиялық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылды.
Жастар қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға белсенді атсалысып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттауға өз үлестерін қосты. Қоғамда заң үстемдігін қалыптастыру және жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, пікірталастар, интеллектуалдық ойындар мен профилактикалық акциялар өткізілді. Сонымен қатар жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған «Заңды күлкі» шығармашылық жобасы ұйымдастырылып, заң тақырыбы креативті форматта насихатталды.
Жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында «IQ Battle» интеллектуалдық сайыстары, семинарлар, тренингтер, пікірталас алаңдары, мотивациялық кездесулер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға, өз ойын еркін жеткізуіне және қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Наурыз мейрамы, Ұлттық домбыра күні, Абай күні, Астана күні, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні және басқа да мемлекеттік және атаулы мерекелерге арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өткізілді.
Сонымен қатар қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталды. Ұрпақтар сабақтастығын нығайту және ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында «Ардағым – ардагерім» акциясы өткізілді. Акция барысында жастар ардагерлердің үйлеріне барып, құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесімен танысты.
Мұндай кездесулер жастардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет және елге қызмет ету сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етті. Спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл бойы футбол, волейбол және басқа да спорт түрлерінен жарыстар, әскери-патриоттық кездесулер ұйымдастырылды. Сондай-ақ Мемлекеттік қызметшілер күніне орай мемлекеттік қызметкерлер арасында спорттық сайыс өткізіліп, әріптестік байланысты нығайтуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге ерекше көңіл бөлінді.
Нашақорлықтың және басқа да зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, кездесулер мен профилактикалық акциялар өткізілді. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары мен волонтерлік бастамалар жүйелі түрде ұйымдастырылып, жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға басымдық берілді. Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы NEET санатындағы (жұмыспен қамтылмаған, білім алмайтын және кәсіптік оқуға тартылмаған) жастармен де тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Жастармен жеке кездесулер өткізіліп, психологиялық және құқықтық кеңестер берілді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар, кәсіптік оқыту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау мүмкіндіктері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. NEET санатындағы жастар бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне, семинарлар мен тренингтерге, мәдени-спорттық және қоғамдық іс-шараларға тартылып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсетілді.
Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында Қаражал қаласында Волонтерлер форумы ұйымдастырылды. Форум барысында қоғамдық өмірге белсене араласып, еріктілер қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан Бекжан Бейбітұлы, Арман Мұрат, Інкәр Отынышина, Назира Нұрбек, Жанель Марат, Інкәр Айдынқызы, Еркеназ Біржан және Айару Жолдасова Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен жастар бастамаларын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Ақерке Құдыш, Нұрислам Құрманов, Алдияр Иманғазин, Евгений Комаров, Жәнібек Мейіржан, Алмас Сайлаубаев, Ұлықбек Балкенов және Ұлан Мейіржан арнайы сертификаттармен марапатталды.
Сондай-ақ, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосқан Абдулла Нұрлан «Үздік белсенді» номинациясымен марапатталып, Алғыс хат пен естелік сыйлыққа ие болды. Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығы алдағы уақытта да өңір жастарына қолдау көрсетіп, олардың бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасай отырып, мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Орталықтың басты мақсаты – елін сүйетін, білімді, белсенді, жауапкершілігі жоғары және бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу.
Жастар күні – еліміздің ертеңіне сеніммен қарайтын, білімді де белсенді жастардың мерекесі. Бүгінде Қаражал жастары қоғамдық өмірдің барлық саласында өз белсенділіктерін танытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Олардың тың бастамалары мен игі істері туған өлкеміздің дамуына серпін беріп, жарқын болашаққа бастай беретіні сөзсіз.
Жастар – бүгіннің белсенді күші ғана емес, ертеңгі Қазақстанның жарқын келбеті.
Дильназ ЕРГАЛИЕВА,
Қаражал қаласы Жастар ресурстық орталығының психолог маманы.

