Болат жолдың білгірі

ХТеміржол саласы қай кезеңде де ел экономикасының күретамыры саналады. Кен өндірісі мен өнеркәсіптің, жүк тасымалы мен өндірістік үдерістердің бір сәтке де тоқтамауы теміржолшылардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Әсіресе, өндірістік теміржолда еңбек ету үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті және өз ісіне деген адалдықты талап етеді.

Теміржолдағы әр мамандықтың өзіндік орны бар десек, солардың ішінде тепловоз машинисінің жұмысы айрықша маңызға ие. Өйткені, қозғалыс қауіпсіздігі, жүктердің уақытылы жеткізілуі мен өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі көбінесе машинистің білімі мен тәжірибесіне байланысты. Теміржолшылар күні қарсаңында осы саланың дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан, білікті маман «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Теміржол көлігі цехының тепловоз машинисі Ахметжан Жаруллин туралы әңгімелеуді жөн көрдік.

Ахметжан Байдекешұлы 1971 жылдың 15 қазанында Ескі Жәйрем кентінде дүниеге келген. Ол 12 ағайындының он бірінші баласы болып өсті. Үлкен әулетте тәрбиелену оның бойында еңбекқорлықты, ұйымшылдықты және үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты қасиеттерді қалыптастырды. Әулетте сегіз ұл, төрт қыз тәрбиеленіп, балалардың барлығы адал еңбек пен адамгершілікті өмірлік ұстаным ретінде бойларына сіңіріп өсті.

1979 жылы № 11 мектептің табалдырығын аттап, 1989 жылы орта білім алып шыққаннан кейін еңбекке ерте араласты. Алғашқы еңбек жолын Ескі Жәйремде ағаш ұстасы және тас қалаушы болып бастаған ол жастайынан қол еңбегінің қадірін түсінді.

Кейін Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласына әскери қызметке аттанып, 1991 жылы елге оралды.

Әскерден кейін құрылыс саласында еңбек етіп, СПТУ-да жүргізуші мамандығын меңгерді. Жүргізуші куәлігін алған соң экспедицияда жұмыс істеді.

Алайда, өмір жолындағы ең маңызды таңдау оны теміржол саласына алып келді.

1994 жылдың күзінде Ахметжан Байдекешұлы Жәйрем комбинатының теміржол цехына поезд құрастырушысы болып жұмысқа орналасты. Бұл оның теміржолдағы қызмет жолының бастауы болды. Поезд құрастырушы мамандығының өзі мұқияттылық пен жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Вагондарды дұрыс орналастыру, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрбір техникалық талаптарды сақтау үлкен тәжірибені талап етеді.

Осы қызметте шыңдалған ол екі жылдан кейін машинист көмекшісі мамандығын игеріп, 1996 жылдан бастап тепловоз машинисінің көмекшісі болып еңбек етті. Бұл кезең оның кәсіби қалыптасуындағы маңызды мектепке айналды.

Теміржол саласында машинист болу оңай емес. Ол үшін техниканы жетік меңгерумен қатар, тәртіпке бағыну, шұғыл шешім қабылдай білу және қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай сақтау қажет. Осы қасиеттердің барлығы Ахметжан Байдекешұлының бойынан табылды.

Оның еңбекқорлығы мен кәсібіне деген қызығушылығын байқаған жұмыс беруші 2001 жылы Қарағанды облысының Сұрыптау кентіндегі кәсіби-техникалық мектепке оқуға жолдама береді. Алты ай бойы арнайы білім алып, тепловоз машинисі мамандығын меңгергеннен кейін 2002 жылдың сәуір айында тепловоз машинисі қызметіне кірісті. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт бойы осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді.

Тепловоз машинисінің жұмысы сырт көзге тек локомотив жүргізумен ғана шектелетіндей көрінуі мүмкін. Алайда, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Машинист күн сайын мыңдаған тонна жүктің қауіпсіз әрі уақытылы жеткізілуіне жауап береді.

Әсіресе, өндірістік теміржолдағы еңбек күрделі әрі қарқынды. Кен өндіру кәсіпорындарының жұмысы вагондардың қозғалысымен тікелей байланысты болғандықтан, машинист қызметінің маңызы арта түседі. Әрбір рейс мұқият дайындықты, техникалық жағдайды жіті бақылауды, қозғалыс кестесін сақтауды талап етеді. Қолайсыз ауа райында, тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істеу де теміржолшы мамандығының қалыпты бөлігі болып саналады.

Осы жылдар ішінде Ахметжан Байдекешұлы теміржолдағы қызметтің барлық сатыларынан өтті. Поезд құрастырушыдан машинист көмекшісіне, одан тепловоз машинисіне дейінгі жол оның табандылығы мен кәсібіне деген адалдығын көрсетеді. Мұндай еңбек жолы жас мамандар үшін үлкен өнеге. Ол әрдайым кез келген жетістікке тек тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасында жетуге болатынын айтып келеді.

Еңбек адамының өміріндегі басты құндылықтардың бірі — отбасы. Ахметжан Байдекешұлы 1992 жылдың 31 желтоқсанында өмірлік серігі Гүлнар Құралбайқызымен шаңырақ көтеріп, бүгінде өнегелі отбасының тірегіне айналып отыр. Жұбайы қазіргі таңда «Пицца блюз» ЖШС-де аспаз болып еңбек етеді. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсірген. Ұлы Жасұлан Қарағанды қаласында поезд құрастырушысы болып еңбек етеді. Осылайша әке жолын жалғастырып, теміржол саласында қызмет атқаруда. Бүгінде Ахметжан Байдекешұлы бес немеренің ардақты атасы.

Өмір жолында ол ағаларының тәлім-тәрбиесін әрдайым мақтанышпен еске алады. Он екі ағайындының бүгінде сегізі ғана өмірде бар. Ағалары Ерғұлан мен Жанат та кезінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек еткен.

Туған жерге деген сүйіспеншілік те оның өмірлік ұстанымдарының бірі. Ескі Жәйремде туып, осы өңірде еңбек етіп келе жатқан Ахметжан Байдекешұлы Жәйремнің болашағына сеніммен қарайды. Ол өндірістің дамуы мен өңірдің өркендеуі жолында еңбек етіп жүргенін мақтан тұтады. Бүгінде «Казцинк» компаниясының құрамында жұмыс істеуді жоғары бағалайтын ол туған өлкенің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүргеніне ризашылық білдіреді.

Теміржол саласы кездейсоқ адамдардың емес, өз ісіне берілген, тәртіпті, төзімді және жауапкершілігі жоғары жандардың таңдауы. Ахметжан Жаруллиннің өмір жолы осы сөздің дәлелі. Оның болат жол бойындағы ұзақ жылғы адал еңбегі, кәсібіне деген сүйіспеншілігі, отбасылық құндылықтарды жоғары қоюы және туған жеріне деген шынайы ықыласы әріптестері арасында зор құрметке ие етті.

Теміржолшылар күні мерекесі қарсаңында Ахметжан Байдекешұлы сияқты өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарын ерекше атап өткен жөн. Өйткені, теміржолшы еңбегі көрінгенімен, оның жауапкершілігі мен маңызы көбіне көзге байқала бермейді. Ал шын мәнінде, кәсіпорындардың тұрақты қызметі, өндірістің ырғақты жұмысы және экономиканың дамуы дәл осындай өз ісінің шеберлеріне сүйенеді.

Болат жол бойындағы сан жылдық еңбегімен ел игілігіне қызмет етіп жүрген Ахметжан Байдекешұлы секілді мамандардың өмір жолы кейінгі буынға әрдайым үлгі болып қала береді.

Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, Ахметжан Байдекешұлы! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз.

Теректі ШАҒАТАЙ