Жәйремде жаңа спорт кешенінің іргесі қалануда

Кентте заманауи көпфункционалды спорт кешені бой көтеріп келеді. Нысан ауа тіректі құрылма негізінде тұрғызылуда – күмбез ауа қысымы есебінен ұсталып тұрады. Осындай технологияны қолданудың арқасында мұнда жыл бойы жаттығуға болады, ал ішкі бағандардың болмауы спорттың әр түрімен айналысуға барынша кең орынмен қамтамасыз етеді.

Спорт кешенінде шағын футбол, волейбол және теннис алаңдары, сондай-ақ, күрес залы жабдықталады. Сонымен қатар, мұнда түрлі жарыстар өтеді. Қазіргі уақытта спорт нысанының іргетасы қаланып қойған. Жоба Ұлытау облысының әкімдігі мен «Казцинк» арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.

– Мұнда бос уақытты тиімді өткізіп, денсаулықты нығайтуға, қабілетті дамытып жаңа жетістіктерге ұмтылуға болады, — дейді компанияның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев. – Бұл спорт кешені жаңа спорттық жеңістердің орнына айналады деп үміттенеміз.

Бәлкім, бұл жерде туған жерінің ғана емес, бүкіл елдің даңқын асыратын болашақ спортшылардың жолы ашылар. Кешенді пайдалануға беру биылғы жылға жоспарланып отыр.

Өз тілшімізден.