Тау бөктеріндегі демалыс

Жазғы демалыс – балалардың бүкіл оқу жылы бойы асыға күтетін ең ғажайып кезеңі. Бұл – жарқын әсерлерге, жаңалықтарға, қызықты саяхаттар мен шынайы достыққа толы уақыт.

Биылғы жаз көптеген жәйремдік оқушылар үшін ерекше есте қалары сөзсіз. Сауықтыру лагеріндегі алғашқы маусым балаларға ұмытылмас қуаныш сыйлап, жаңа достар табуға мүмкіндік берді.

Жәйрем кенті оқушыларының шамамен 90 пайызы – Жәйрем кен байыту комбинаты жұмыскерлерінің балалары.

«Казцинк» компаниясының барлық бөлімшелерінде қолданыстағы ұжымдық келісімшартқа сәйкес кәсіподақ ұйымы мүшелерінің балалары арнайы жеңілдікпен жазғы емдік сауықтыру лагерлерінде демала алады.

– Біздің балаларымыз биыл тау баурайында орналасқан «Ақ бұлақ» сауықтыру лагеріне жол тартты, – дейді «Жәйрем КБК» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Гауһар Наурызбаева. – Көздің жауын алатын табиғат, мазмұнды бағдарлама, қызықты экскурсиялар – мұның бәрі демалысты пайдалы ғана емес, шын мәнінде есте қаларлық етеді.

Екі ауысымға бөлінген демалыста Жәйрем кен байыту комбинаты жұмыскерлерінің 130 баласы барып демалады. Алғашқы ауысымда 85 бала демалуға мүмкіндік алды.

Оларға арнайы көлік бөлініп, сүйемелдеу қызметі және жолда тамақтандыру ұйымдастырылды. Лагерьге жеткенге дейінгі сапардың өзі қызықты шытырман оқиғаның бір бөлігіне айналды.

Әр күн қызықты оқиғаларға толы болды. Балаларды күн сайын кез келген талғамға сай жаңа ойын-сауықтар күтті.

DANCE STUDIO би студиясы, бассейн, арт-терапия және тіпті, голливудтық түсірілімдер түрлі жастағы балалардың қызығушылығын оятты.

Маусым өте мазмұнды әрі әсерлі өтті. Балалар концерттік бағдарламаларды дайындауға қатысып, кәсіби рилстер түсіріп, тіпті, «олимпиадалық» деңгейдегі рекордтар орнатуға талпынды.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл жерде жыл сайын комбинаттың «Өндіріс волонтерлері» өткізетін «Балаға лагерьге жолдама сыйла» қайырымдылық акциясының маңызы ерекше.

Кәсіпорын қызметкерлерінің жанашырлығының арқасында биылғы жазда әлеуметтік жағынан осал отбасылардың бес баласы өз қатарластарымен бірге демалуға мүмкіндік алды.

Олардың кейбірі үшін бұл сапар өміріндегі алғашқы саяхат болды. Қызықты адамдармен танысу, әртүрлі іс-шараларға қатысу және алаңсыз балалық шақтың қуанышын сезіну мүмкіндігі жүрек жылуымен, мейірімімен бөліскен жандардың арқасында жүзеге асты.

Осындай әр жолдаманың артында ересектер жинаған қаражат қана тұрған жоқ. Қамқорлық, шынайы жанашырлық, балалардың шат күлкісі мен қуанышы, сондай-ақ, олардың есінде ұзақ жылдар бойы сақталатын бақытты естеліктер жатыр.

Алғашқы маусым өз мәресіне жеткенімен, жазғы қызыққа толы хикая әлі жалғасуда. Алда – екінші ауысым.

Бұл дегеніміз, тағы да ондаған жәйремдік балдырғандар ұмытылмас әсерге толы демалыстың куәсі болады деген сөз.

Олар достықтың қадірін ұғынып, қамқорлықтың жылуын сезініп, қызықты оқиғаларға толы күндерді бастан кешіреді.

Өйткені, ең жарқын жазғы демалыс – жүректерді жақындастыратын достық, мейірім мен ғажайып сәттер тоғысқан жерде басталады.

Алена ЕРМОЛАЕВА.