Қасиетті Құрбан айт мейрамы тойланды

Құрбан айт — мұсылман әлеміндегі ең ұлық, қадірлі мерекелердің бірі. Ол — тек діни мейрам ғана емес, сонымен қатар, мейірім мен қайырымдылықтың, бауырмалдық пен татулықтың, кешірім мен кең пейілділіктің айқын көрінісі. Сондықтан, ислам дінін ұстанған әрбір адам үшін бұл мерекенің орны ерекше. Құрбан айтқа дайындық та өзгеше мәнге ие: жамағат бірнеше күн бұрын үйлерін тазалап, рухани тұрғыда да дайындалады.

Биылғы жылы Жәйрем кентінде Құрбан айт мерекесі ерекше көңіл-күймен қарсы алынды. Таңсәріден мешітке жиналған жамағаттың жүзінен қуаныш пен ризашылық сезімі айқын байқалды.

Берекесі мен шапағаты мол бұл қасиетті күні мешітте бас имам Марғұлан Балтабайұлы жамағатқа тағылымды уағыз айтып, Құрбан айттың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, барша жамағатты мерекемен құттықтап, ел тыныштығы мен амандығын тіледі.

Таң намазынан кейін мешіт алаңы нағыз мерекелік орталыққа айналды. Жүздері жадыраған Жәйрем тұрғындары бір-бірін айтпен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Осы сәттен бастап «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен және «Жәйрем Спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ауқымды спорттық сайыстар бастау алды.

Бұл шара жай ғана жарыс емес, халықтың бірлігін арттыратын, қуанышын еселейтін маңызды оқиға болды. Ұйымдастырылған спорттық шараның басты мақсаты – еңбек ұжымдары мен олардың отбасылары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.

Бағдарлама мазмұны өте бай әрі жан-жақты қамтылып, барлық жас ерекшеліктерін ескерген түрде жоспарланды. Ересектер арасында өткен сайыстар тартысты да қызықты өтті. Атап айтқанда, арқан тартыс, таяқ тарту, садақ ату, ұзындыққа секіру және қолды бүгіп-жазу секілді спорт түрлері бойынша қатысушылар өзара бақ сынасты.

Әрбір сайыста шынайы бәсеке, жігер мен табандылық анық байқалып, қатысушылар тек күш сынасып қана қоймай, өзара сыйластық пен әділдіктің үлгісін көрсетті. Көрермендер де әрбір жарысты бейжай қалдырмай, өз командаларына қолдау білдіріп отырды.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстар ерекше қызықты әрі әсерлі болды. Жас спортшылар қазақ халқының ұлттық мұраларын жаңғыртқан «Қазақ күресі», асық ату және қол күресі секілді спорт түрлерінде өз шеберліктерін көрсетті.

Әсіресе, бозкілемдегі қазақ күресі жас балуандардың намысын жанып, олардың батылдығы мен қайсарлығын айқындады. Әр белдесу көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық спорттың беделін арттыра түсті. Ал асық ату сайысы балалардың ерекше қызығушылығын оятып, дәстүрлі ойындардың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.

Жарыстың ең әсерлі кезеңдерінің бірі — арқан тартыс сайысы болды. Бұл сайыс барысында командалардың ұйымшылдығы, бірлікпен әрекет етуі және жеңіске деген ұмтылысы айқын көрінді. Жанкүйерлердің қолдауы жарысқа ерекше қызу сипат беріп, атмосфераны одан сайын жандандыра түсті.

Жалпы алғанда, бұл жарыстар тек спорттық бәсеке емес, достық пен ынтымақтастықтың көрінісіне айналды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар анықталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды. Ұзындыққа секіруден Әлішер Айтмұнбетов жеңімпаз атанса, асық атудан Ақкербез Жүсіпбек топ жарды. Қазақ күресі бойынша әр салмақ дәрежесінде Жанғали Тоғай, Мұхаммет Жайдар және Әсет Құдайберген жеңіске жетті.

Қолды бүгіп-жазу сайысында Қайыржан Жанабаев үздік нәтиже көрсетті. Садақ атудан Ерқанат Еркінұлы мергендігімен ерекшеленсе, қол күресте Ераслан Мұрат қарсыластарынан басым түсті. Арқан тартыста «Сабыр» командасы жеңіске жетіп, ұйымшылдығының арқасында бірінші орынды иеленді.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, мереке аясында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы екі дөңгелекті көлік жүргізушілеріне мотоцикл шлемдерін сыйға тартты. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігіне және олардың өміріне деген қамқорлықтың нақты көрінісі.

Құрбан айттың басты мәні — тек қуану емес, сонымен қатар, мұқтаж жандарға көмек көрсету. Осы орайда мереке соңында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға азықтүлік пен құрбандық еті таратылды. Бұл игі шара Құрбан айттың рухани мәнін тереңдетіп, қайырымдылық пен жанашырлықтың нақты үлгісін көрсетті.

Жалпы алғанда, Құрбан айт — адамдарды мейірімділікке, қайырымдылыққа, кешірімділікке үндейтін, қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтатын ерекше мейрам. Осындай қасиетті күні ұйымдастырылған спорттық шара оның мазмұнын байытып, халықтың рухын көтерді.

Жәйремде өткен бұл айтулы мереке тағы бір мәрте спорт тек жарыс емес, ол адамдарды біріктіретін, достықты нығайтатын, қоғамның тұтастығын сақтайтын үлкен күш. Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз, өйткені, олар салауатты, біртұтас әрі рухы биік қоғам қалыптастыруға қызмет етеді.

Теректі ШАҒАТАЙ.