Еңбек адамы деген ұғымды қазіргі қоғам қалай түсінеді? Бұл сұрақтың жауабын бірге іздейік. Еңбек – адамзаттың бір бөлігі, адам өмірінің тынысы. «Еңбек ширатады, өмір үйретеді» деген қазақтың нақыл сөзі адам баласы үшін еңбек өмірдің мәні екенін ұғындырады.
Қазіргі таңда «еңбек адамы» деген түсінік қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын және адал атқаратын ел адамы. Еліміздің дамуы мен өркендеуіне еңбек адамдарының қосатын үлесі орасан зор. Қазіргі таңда әртүрлі салада қызмет етіп жүрген еңбек адамдары аз емес.
Ел дамуының алтын діңгегіне айналған, маңдай терімен қоғамға пайдасын тигізіп жүрген, адал еңбекті өмірінің мәніне айналдырған еңбек адамының бірі — Қаражал қаласының тумасы, «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» Өкілдігі «Подъем» участкесінің басшысы және «MFC Қаражал» жастар фубол командасының негізін қалаушы Жансая Сажиновтың өмірі мен еңбек жолы туралы әңгіме болмақ.
Жансая Рамазанұлы 1992 жылдың 24 тамызда Жезқазған облысы (қазіргі Ұлытау облысы), Қаражал қаласында дүниеге келді. 1999 жылдың қыргүйегінде Қаражал қаласының № 1 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттады.
Бала кезінен білімге құштар, спортқа бейім, алғыр да зерек азамат болып өсті. Математика пәнін терең әрі өте үлкен қызығушылықпен оқыған. Қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. 2010 жылы мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнының грант иегері атанады.
Мамандық таңдағанда Жансая әкесінің кәсіби жолын үлгі тұтып, әке жолын қууға бел буады. Әкесі Рамазан Сажинұлы ұзақ жылдар тау-кен өндірісінде адал қызмет еткен зейнеттегі құрметті шахтер. «Әке көрген оқ жонар» дегендей әкесінің қызметіне адал және үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көріп өскен Жансая, осы салаға бала кезінен қызығып, келешегін осы саламен байланыстырады.
2010 жылы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Энергетика» факультетінің, «Электр энергетикасы» мамандығына грантқа түсіп 2014 жылы оқуды аяқтап еңбек жолын бастады.
Туған қаласында «АрселорМитталТеміртау» АҚ тау-кен өндірісінде еңбек жолын «оқушы» болып бастады. Алғашқы еңбек жылдарын қарапайым жұмысшы ретінде бастаған Жансая Рамазанұлы тәжірибе жинап, тау-кен өндірістің қыр-сырымен танысады.
Өзінің еңбекқорлығымен, табандылығының арқасында қиындықтарға қарамастан, ісіне беріле білген адам болғандықтан алға озып, көзге түсіп, биік шыңдарды бағындыра бастады. Қазіргі таңда учаске басшысы лауазымын адал абыроймен атқарып, кәсіпорынға 13 жыл өз үлесін қосуда.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз ата-анасына қамқор ұл, бауырларына арқасүйер аға, жан жарына сүйікті жар, баласына асқар тау әке болып табылады. 2020 жылы өмірлік жары Ақмейірді кездестіріп шаңырақ көтеріп, Мұхтар есімді ұл тәрбиелеуде.
Алғыр да ақылды Мұхтар әкесін мақтан тұтып, атадан әкеге жалғанған жолға бала күннен үлкен қызығушылықпен қарап өсуде. Жары Ақмейір қалалық әкімдікте қызмет атқарады.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өнерден де спорттан да алшақ емес екендігін білдік. Бала кезінен футбол саласының шебері. Көрермен ретінде тамашалап қана қоймай ойнағанды да ерекше ұнатады.
«MFC» Қаражал жастар футбол командасын құрып, қаламыздың жастарын осы спорт түріне баулып жүрген азамат. Команданың тренері әрі белсенді мүшесі болып, топпен бірлесе жұмыс істеу арқылы қаламыздағы спорттық рухты нығайтуға бар күш-жігерін салуда.
Қорытындылай айтатын болсақ, Жансая Рамазанұлы нағыз еңбек адамының жарқын бейнесі. «Еңбегімен ер сыйлы, өнімімен жер сыйлы» демекші, қазыналы мекеніміз Қаражалда ел игілігі үшін тер төгіп жүрген жандарды үлгі тұтып құрмет көрсету біздің міндетіміз.
Ақбота РАМАЗАН.
