Ұлытау облысында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қонақ үй инфрақұрылымын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фархат Нұрдаулетов биыл өңірде туристік әлеуетті арттыруға бағытталған бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Аталған жобалар аясында жыл соңына дейін жаңа қонақ үйлер мен туристерге арналған қызмет көрсету нысандары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңірге келетін саяхатшылар санының артуына, туристік сервистің сапасын жақсартуға және туризм индустриясының дамуына оң әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, туризм саласын дамыту өңір экономикасына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Ұлытау облысының туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
