Қуаныш қазығы қағылған күн

Ескі Жәйрем кентінде ел еңсесін көтерген, жұрт көңіліне үміт ұялатқан айрықша оқиға болды. Көптен күткен көпфункционалды ауа тіректі спорт кешенінің құрылысы басталып, жаңа нысанның алғашқы қазығы қағылды.

Бұл жай ғана құрылыс бастау емес, өңірдің ертеңіне деген сенімнің, жастардың болашағына жасалған нақты қамқорлықтың көрінісі. Салтанатты сәтке жиналған көпшілік бұл күннің мәнін терең сезінді. Кент әкімі Қайрат Жансағымов, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбулов, ақсақалдар, қоғамдастық мүшелері мен спорт саласының өкілдері, жастар және мердігер ұйым — «ALEL CONSTRUCTION» ЖШС қызметкерлері қатысқан шара қазақы дәстүрмен басталып, ақсақалдардың ақ батасымен өрнектелді. Ел ағаларының байыпты тілегі мен шынайы ниеті жаңа істің берекелі болуына бағытталды. Бұл тек құрылыстың басталуы ғана емес, атадан балаға жалғасқан рухани сабақтастықтың, елдік дәстүрдің бүгінгі көрінісі еді.

Бой көтеретін нысан — заман талабына сай, ауа тіректі құрылым негізіндегі көпфункционалды спорт кешені. Бұл кешен жыл бойы жұмыс істеп, ауа райына қарамастан спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Мұнда шағын футбол ойнап, волейбол, теннис секілді спорт түрлерімен айналысып қана қоймай, күрес залында жаттығып, түрлі жарыстар өткізуге барлық жағдай жасалмақ. Яғни, бұл ғимарат тек спорт іздеген жанға емес, салауатты өмірді таңдаған әр тұрғынға есігін айқара ашатын орта болады.

Жаңа кешеннің бой көтеруі, әсіресе, жастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді олар бос уақытын мәнді өткізіп, өз қабілетін шыңдап, денсаулығын нығайта алады. Бұған дейін арман болып көрінген жағдай енді шынайы өмірге айналмақ. Осындай мүмкіндіктердің арқасында Жәйремнен талай дарынды спортшы шығып, ел намысын қорғайтын күн де алыс емес.

Жалпы, мұндай нысандардың салынуы — өңірдің дамуы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш. Спорт — тек дене шынықтыру ғана емес, ол тәртіп, табандылық пен мақсатқа ұмтылудың мектебі. Ал сол мектептің іргесі дәл бүгін Жәйремде қаланды.

Күз айларында пайдалануға берілуі жоспарланған бұл кешен ел болашағына салынған сенімнің айғағы. Себебі, әр спорт алаңы — тәрбиенің, әр жаттығу залы — мүмкіндіктің бастауы. Сондықтан, бұл бастама тұрғындар үшін зор қуанышқа айналып отыр.

Жәйремде басталған бұл құрылыс тыныс-тіршіліктің жаңарып, өмір ырғағының өзгеріп келе жатқанын білдіреді. Бүгінгі сенім ертеңгі нәтиже боларына жұрт бек сенеді. Ал ел тілегімен басталған іс әрдайым берекелі болмақ.

Теректі ШАҒАТАЙ.