Руханият майталмандарын салтанатты қабылдау

Мәдениет пен өнер — ұлттың жаны, халықтың рухани болмысының айнасы. Ұлттық кодты сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау жолында аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлерінің қоғамдағы орны әрқашан ерекше. Жақында Қаражал қаласында дәл осы руханият майталмандарының мәртебесін асқақтатқан, жүрекке жылылық ұялататын әдемі қабылдау өтті.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл жиын — тек кәсіби мейрам ғана емес, қаланың мәдени тынысына жан бітіріп жүрген жандарға деген шынайы құрметтің белгісі болды.

Салтанатты кездесу барысында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Олар өз сөздерінде мәдениет саласының қоғам өміріндегі маңыздылығына тоқталып, Қаражалдың өсіп-өркендеуіне қосқан еңбектерін ерекше атап өтті.

— Мәдениеті жоғары халықтың еңсесі де биік, болашағы да жарқын болады. Сіздердің әрқайсысыңыз — халықтың рухани сусынын қандырып, өңірдің мәдени келбетін қалыптастырып жүрген шынайы өнер жанашырларысыздар, — деп жылы лебіздерін білдірді.

Шараның ең айтулы әрі салтанатты сәті — Қаражал қалалық мәслихатының Алғыс хаттарын табыстау рәсімі болды. Мәдениет саласында жүрген екі ұжымға табысталған бұл марапаттар — бүкіл мәдениет майталмандарының қажырлы еңбегіне көрсетілген биік құрмет пен шынайы алғыстың нышанына айналды.

Жылы шырайлы, асқақ рухта өткен бұл шара мәдениет қызметкерлеріне ерекше шабыт сыйлады. Өнер мен кітап әлемінде жүрген жандардың еңбегін бағалау — қоғамның рухани кемелдігінің айқын көрінісі.

Мәдениет пен өнер саласы — қызығы мен қиындығы қатар жүретін, асқан жауапкершілікті талап ететін ерекше майдан. Бүгінгі қабылдау руханият жанашырларының қоғамдағы мәртебесін тағы бір мәрте айқындап, олардың қала дамуына қосқан үлесін жоғары деңгейде бекітіп берді. Ұлттық құндылықтар мен рухани қазынаны дәріптеген бұл салтанатты жиын — еңбекті бағалау мен өнерді ұлықтаудың шынайы үлгісі ретінде көптің көңілінен шығары сөзсіз.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ