Ұрпақтар сабақтастығы ұлықталды

Отбасы – адам баласының алтын ұясы, жылылық пен мейірімнің, таусылмас бақыттың мекені. Әрбір қоғамның діңгегін бекітіп, ұрпақ пен ұрпақты табыстыратын бұл қасиетті ұғымның мәні ерекше. Осындай ұлағатты құндылықтарды дәріптеу мақсатында Халықаралық отбасы күніне орай Қаражал қаласында «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік шара өтті.

Мәдени-сауық орталығының мәрмәр залында ұйымдастырылған салтанатты кеш Өнер мектебі оқушыларының орындауындағы күмбірлеген күймен ашылып, жиналған қауымды бірден өнер әлеміне жетеледі.

Шараның басты мақсаты – қаламызда дәстүрлі түрде өтетін «Ұрпақтар сабақтастығын» көрсету, өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі ету болды. Сондықтан да бұл кештің төрінен алтын және күміс той иелері, жас шаңырақ көтергендер мен жаңадан дүниеге келген сәбидің ата-аналары орын алды.

Кештің шымылдығын ашып, құттықтау сөз сөйлеген Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова отбасы құндылығының қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, кеш кейіпкерлеріне ізгі лебізін білдірді.

Салтанатты сәтте кеш қонақтарына арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтқанда, жарты ғасыр бірге ғұмыр кешкен «Алтын шаңырақ» иелері – Кәдірсізовтер отбасы, ширек ғасыр отасқан «Күміс кереге» иелері – Қоғабаевтар мен Рысичтер отбасы, жаңадан отау тіккен жас отбасы – Ерқанат Қабдуллин мен Еркеназ Мерген ерекше құрметке бөленді. Сонымен қатар, осы қуанышты күні дүние есігін ашқан кішкентай кейіпкеріміз Айша Нағашыбектің туу туралы куәлігі салтанатты түрде тапсырылды.

Кештің ең толқынысты да әсерлі сәті – неке жүзіктерін алмасу рәсімі болды. Бұл рәсімді ақжарма тілегімен және жылы лебізімен Тлеухор Байшукенова жүргізді.

Елу жыл бұрын тағдырларын тоғыстырып, бүгінде 4 баладан немере сүйіп отырған аяулы қарияларымыз Мұрат аға мен Тұяқ апа алтын тойдың белгісі ретінде жүзік алмасса, өмірлерін білім ордасымен байланыстырып, 3 бала тәрбиелеп отырған Жақыпбек Қадырбекұлы мен Мереке Қадылқызы 25 жылдық махаббат шежіресін жаңғыртты.

Сондай-ақ, қаламыздың үлгілі шаңырақтарының бірі – екі перзент өсіріп, татулықтың туын тіккен Леонид және Оксана Рысичтер де ширек ғасырлық күміс тойларында жүзік алмасып, жиналған қауымның ықыласына бөленді. Мерейтой иелерінің вальс ырғағында билеген сәті кештің көркін аша түсті.

Мерекелік шара тек салтанатты сәттермен ғана емес, сонымен қатар, жарқын өнер туындыларымен де есте қалды. Шара соңында мерейтой иелері мен қонақтар ақжарма тілектерін ақтарып, қимас сәттерді таспаға мөрлеу үшін ерекше естелік фотоға түсті. Бұл сәт жай ғана сурет емес, қаламыздағы ұрпақтар сабақтастығының, өнеге мен ізгіліктің айқын шежіресі ретінде тарихта қалды.

«Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік кеш әрбір шаңырақтың түтіні түзу болып, босағасы берік, бірлігі бекем болуы керек деген асқақ идеямен аяқталды. Ортадағы ақсақалдардың баталы сөзі, күміс той иелерінің салмақты өнегесі және жас отаулардың жалынды үміті – Отанымыздың берік діңгегі. Осындай өнегелі де шуақты отбасылары бар елдің болашағы әрдайым жарқын, іргесі мықты, ал шаңырағы биік болмақ.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ