Өнердің өрелі өкілі  

Мәдениет – ұлттың жаны, рухани тірегі. Сол руханиятты сақтап, кейінгі буынға аман жеткізетін тұлғалар – мәдениет пен білім саласының адал еңбеккерлері. Осындай абыройлы міндетті өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтардың бірі – Жәйрем кентіндегі №10 мектептің мұғалімі Фазыл Нұғыманов.

1967 жылдың 24 қаңтарында дүниеге келген Фазыл Белтайұлы – өнер мен білімді қатар алып жүрген, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Ол – өнегелі әке, аяулы жар, берекелі әулеттің тірегі. Бүгінде жұбайы Тоғжанмен бірге екі бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке ретінде де көпке танымал.

Қазіргі таңда ол №10 жалпы білім беретін мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып табысты еңбек етуде. Ұстаздық жолында тек білім берумен шектелмей, оқушылардың бойына ұлттық өнерді, музыкалық мәдениетті және рухани құндылықтарды сіңіріп келеді. Әсіресе, жас ұрпақты өнерге баулу, олардың қабілетін ашу – ұстаздың басты мұратына айналған.

Фазыл Белтайұлының өнерге деген сүйіспеншілігі тегінен бастау алады. Ол – қазақтың әйгілі қобызшысы Ықыластың жиен шөбересі. Бұл – оның бойындағы табиғи талант пен өнерге деген ерекше бейімділіктің айғағы. Әкесі марқұм Белтай ән салған өнерлі жан болса, ағасы Арал баян аспабында шебер ойнаған. Осындай өнерлі ортада тәрбиеленген ол да жастайынан музыкаға жақын болып өсті.

Өзінің кәсіби білім жолында Фазыл Белтайұлы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыкалық колледжде білім алып, кейін Шымкент қаласындағы музыкалық институтта оқуын жалғастырды. Бұл білім ошақтары оның кәсіби шеберлігінің қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Ол – көпаспапты музыкант. Домбыра, гитара, баян, Yamaha, балалайка, пианино, шаңқобыз, сазсырнай сынды түрлі аспаптарда еркін ойнайды. Мұндай жан-жақтылық оның шығармашылық әлеуетін айқын көрсетіп, оқушыларына да үлкен үлгі болып табылады.

Ұстаздың еңбегі елеусіз қалған емес. Ол республикалық деңгейдегі музыканттар арасында өткен байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Осы жетістіктері үшін дипломдармен, төсбелгілермен марапатталды. Сонымен қатар, облыстық білім беру ұйымдары, Қаражал қаласының әкімдігі мен түрлі мекемелер тарапынан алған мақтау қағаздары мен алғыс хаттары – оның еңбегіне берілген жоғары баға.

Фазыл Белтайұлы – республикалық «Үздік музыка мұғалімі» атағының және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалінің иегері. Бұл марапаттар оның тек кәсіби біліктілігін ғана емес, ел дамуына қосқан үлесін де айқындайды.

Отбасылық тәрбиеде де өнер мен білім сабақтастығы жалғасуда. Үлкен қызы Шахризада Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, бүгінде Астана қаласындағы №97 гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Ол да әке жолын жалғап, ұстаздықты таңдаған.

Ұлы Нұрлан Қарағанды мемлекеттік университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып, биыл дипломын алмақ. Бұл да жан-жақты тәрбиеленген ұрпақтың айқын көрінісі. Жұбайы да білім саласында еңбек етіп, мектепте кітапханашы қызметін атқарады. Осылайша, бұл отбасы толықтай білім мен мәдениет саласына қызмет етіп, қоғамның рухани дамуына үлес қосып келеді.

Мәдениет қызметкерлері күні – осындай өнер мен білімнің шамшырағына айналған жандардың еңбегін бағалауға арналған ерекше мереке. Фазыл Нұғыманов – сол мерекеге лайық, ел алғысына бөленген тұлға. Оның өнегелі өмір жолы, өнерге адалдығы, ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегі кейінгі буынға үлгі.

Осындай ұстаздар барда ұлттық мәдениетіміздің мерейі үстем, руханиятымыз биік болары сөзсіз.

Теректі ШАҒАТАЙ