Қаражал қаласының төтенше жағдайлар бөлімі суға шомылу маусымы кезінде тұрғындарды өз қауіпсіздігіне және балаларына ерекше назар аударуға шақырады. Суда сақтық шараларын сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алып, жақындарыңызды алаңдатпаудың басты кепілі.
Су айдындарындағы жазатайым оқиғаларды саралайтын болсақ, суға батқандардың жартысы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар болса, үштен бірі мас күйінде суға түскендер, ал қалғаны – үлкендердің қарауынсыз қалған балалар.
Сондықтан су жағасында демалып жүргенде немесе балық аулау кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін есте ұстаған жөн.
Егер жүзе алмайтын болсаңыз, беліңізден жоғары суға түспеңіз. Мас күйде және тамақ ішкеннен кейін суға түсуге болмайды. Алкоголь адам ағзасының өзін-өзі бақылауын әлсіретіп, тыныс алу мен жүрек жұмысына кері әсер етеді.
Таныс емес жерлерде шомылудан сақ болыңыз. Тексерілмеген су айдындарында терең шұңқырлар, күшті ағыс пен лайлы жерлер болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Су жағасында жүргенде оларды үнемі бақылауда ұстаңыз. Әсіресе, шомылу кезінде балаларды жалғыз жіберуге болмайды. 14 жасқа толмаған балаларға су қоймаларында ересектерсіз жүруге тыйым салынады.
Жағадан алысқа жүзіп кетпеңіз. Су ішінде өз күшіңізді дұрыс бағалап, ұзақ уақыт суық суда болмауға тырысыңыз. Мамандардың айтуынша, суда 10-15 минуттан артық болу дененің тоңуына, бұлшықеттердің тартылуына және тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін.
Түнгі уақытта суға түсу қауіпті. Қараңғыда адам бағдарын жоғалтып, қорқыныш сезімі пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ үлкен толқын кезінде және жалғыз шомылмаған дұрыс.
Үрлемелі матрастар мен жүзуге арналмаған заттарға сенуге болмайды. Олар кез келген уақытта жарылып немесе аударылып кетуі мүмкін.
Әрбір адам суда болған төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсете білуі қажет. Батып бара жатқан адамға арт жағынан жақындап, басын су бетінде ұстап жағаға шығару керек. Судан шығарғаннан кейін тыныс жолдарын тазартып, қажет болса қолдан дем алдыру және жүрекке массаж жасау қажет.
Мамандардың айтуынша, адамды тыныс алуы тоқтағаннан кейінгі алғашқы 6 минут ішінде құтқарып қалуға мүмкіндік бар. Сондықтан алғашқы көмек көрсету әрекеттерін тез әрі дұрыс орындау өте маңызды.
Судың бойында демалғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз. Су айдындарындағы қауіпсіздіктің басты кепілі – сақтық пен жауапкершілік.
Ануар ЕРҒАЗИЕВ,
Қаражал қаласы ТЖ бөлімінің аға анықтаушысы
