Ақордада Отан қорғаушылар күніне арналған дәстүрлі салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің күштік құрылым қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел қауіпсіздігі жолындағы ерен еңбегін жоғары бағалады.
Іс-шара барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ұлытау облысы бойынша Департаментінің бастығы Саламат Хамитұлы Үкеновке «Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры» арнайы шені табыс етілді. Бұл – мемлекет тарапынан берілген сенім мен кәсіби қызметтің лайықты бағалануының белгісі.
Айта кетейік, Ұлытау облысы алғаш құрылған кезде күштік құрылымдар арасында бірінші болып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті ашылып, басшылығына дәл осы Саламат Хамитұлы Үкенов тағайындалған еді. Ол Ұлытаудың тарихи мұрасын құрмет тұтып, тәуелсіз Қазақстанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетуде.
Аты аңызға айналған Армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың дәстүрін жалғастырып, Саламат Хамитұлы бүгінгі күнде де өңірдің абыройын арттыруда. Оның еңбегі мен адалдығы – елдің сенімі мен мақтанышы. Ел алдында абыройлы қызмет ету – ердің басты мақсаты.
Өз тілшімізден.
