«Қарызсыз қоғам» – қаржылық сауаттылық пен азаматтардың құқықтық білімін арттыру

Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – халықтың шамадан тыс несие жүктемесіне тап болуы. Қаржылық қиындықтардың алдын алу үшін әр азаматтың қаржылық сауаттылығы мен құқықтық білімі жоғары болуы аса маңызды. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы – халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.

Қаржылық сауаттылық – бұл адамның өз табысын тиімді жоспарлап, шығынын бақылап, жинақ жасап, несие мен қаржы құралдарын дұрыс пайдалана білу қабілеті. Қаржылық сауатты адам артық қарызға батпай, өз мүмкіндігін есептей отырып шешім қабылдайтыны анық. Бүгінде көптеген азаматтар несие шарттарын толық түсінбей, пайыздық мөлшерлемелер мен айыппұлдарды ескермей қарыз алады. Соның салдарынан отбасылық бюджетке ауыртпалық түсіп, жанұяда әлеуметтік мәселелер туындайды. «Қарызсыз қоғам» жобасының басты мақсаты – тұрғындарға қаржыны тиімді басқаруды үйрету, қарыздық тәуекелдердің алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру. Жоба аясында тұрғындарға тегін консультациялар, семинарлар, оқыту курстары ұйымдастырылып, несие рәсімдеу, отбасылық бюджетті жоспарлау, алаяқтықтан қорғану жолдары түсіндіріледі. Жобаны жүзеге асыру мақсатында, 2026 жылы Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті бойынша жұмыссыз, әлеуметтік осал топтарға жататын 460 адамды оқыту жоспарлануда. Бүгінгі таңда оқытылудан өтетіндердің тізімі әзірленуде. Бағыттағы жұмысты «Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады. Айта кету керек, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруда құқықтық білім маңызды рөл атқарады. Әр азамат өзінің құқықтары мен міндеттерін білген жағдайда ғана қаржылық ұйымдармен дұрыс қарым-қатынас орната алады. Мысалы, келісімшартты мұқият оқу, заңсыз әрекеттерге жол бермеу, тұтынушы ретінде өз құқығын қорғау – құқықтық сауаттылықтың негізгі көрінісі. Қоғамда қаржылық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы. Әсіресе, жастар арасында қаржылық тәрбие мен үнемшілдік дағдыларын дамыту маңызды. Ақшаны дұрыс басқаруды үйренген адам болашағын сенімді жоспарлап, отбасының тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. «Қарызсыз қоғам» – халықтың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, құқықтық сауатын арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған «AMANAT» партиясының маңызды жобаларының бірі. Қаржылық сауатты әрі құқықтық білімі жоғары қоғам ғана экономикалық тұрғыдан дамиды.

Гүлмира ИСИНА,

«AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы