Қаражал қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Сауле Дюсембина Қаражал қаласының № 3 мектеп оқушыларымен «Заң және тәртіп» тақырыбында тағылымды кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу және қоғамдағы тәртіптің маңызын түсіндіру болды. Іс-шара барысында оқушыларға Қазақстан Республикасының заңдары, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, буллинг, құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі және жауапкершілік мәселелері де қозғалды.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Жастар арасында тәртіп сақтау, үлкенді құрметтеу, білімге ұмтылу және заңды білу – болашақтың кепілі екені ерекше атап өтілді. Шара барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру – әр азаматтың міндеті екені айтылып, заңды құрметтеген елдің болашағы жарқын болатыны түсіндірілді. Осындай кездесулер жас ұрпақтың саналы, жауапты азамат болып қалыптасуына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Кездесу соңында оқушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, өз ойларымен бөлісті. Мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жадыра САДУОВА,
Қаражал қалалық сотының бас маманы.
