Төл ойынның жаңа тынысы

Соңғы жылдары кеншілер қаласы — Қаражалда спорттың сан түрі дамып, жас өрендердің жетістіктері көз қуантуда. Соның ішінде, ұлттық рух пен парасаттылықтың белгісі болған тоғызқұмалақ ойыны бүгінде қалада екінші тынысы ашылып, ерекше жанданып келеді. Бұл спорттың Қаражалда қайта түлеп, биік белестерге шығуына бірден-бір себепкер — білікті бапкердің қажырлы еңбегі.

Тоғызқұмалақ — тек қана ойын емес, ол бабалар ізімен келген парасат мектебі, ақыл-ойдың математикалық символы. «Түркінің логикалық академиясы» атанған бұл спорт түрі бүгінде жас буынның серігіне айналып, ұлттық құндылықтарымызды асқақтатып келеді. Ағымдағы жылдың 8-13 мамыр аралығында Жаңаарқа кентінде тоғызқұмалақтан балалар мен жасөспірімдер арасында Ұлытау облысының жекелей чемпионаты өтті. Бес күнге созылған тартысты додада облыстың ең үздік жас зияткерлері классика, рапид және блиц бағыттары бойынша бақ сынасты.

Жарыс жолында ерекше ойын өрнегін көрсетіп, жүлделі орындардан көрінген жас өрендеріміздің тізімі төмендегідей: — классика (уақыт пен стра­тегия салтанаты), бұл бағытта спортшылар терең ойланып, әр жүрістің тиімділігін саралады. 2015-2016 жылы туылған қыздар арасында 3 орын Зере Сенбайға, Зере Дүйсенбайға бұйырса, 2013- 2014 жылы туылған ұлдар арасында 1 орынды Әбдіхалық Елеукен, 3 орынды Олжас Рымғажы, 3 орынды Асылжан Ермекбай жеңіп алды. 2013-2014 жылы туылған қыздар арасында 2 орын Айзада Сануарға, 3 орын Айша Жолаушыға, Асылай Сануарға, Еркеназ Сануарға тиесілі болды. — рапид (жылдам шешім қабылдау өнері), 2013-2014 жылы туылған ұлдар арасында 3 орынға Әбдіхалық Елеукен, Олжас Рымғажы ие болса, 2013-2014 жылы туылған қыздар арасында 3 орынды Айзада Сануар жеңіп алды. — блиц (қас-қағым сәттегі есеп), 2013-2014 жылы туылған ұлдар арасында 3 орын Асылжан Ермекбайға, Олжас Рымғажыға бұйырса, 2015-2016 жылы туылған қыздар арасында 3 орынды Зере Сенбай иеленсе, 2013-2014 жылы туылған қыздар арасында 3 орынды Айша Жолаушы, Еркеназ Сануар місе тұтты.

Бұл жетістіктердің артында үлкен дайындық пен қажырлы еңбек тұр. Қаражал қаласында тоғызқұмалақ спортын дамытуға барын салып, шәкірттерін биік белестерге жетелеп жүрген білікті жаттықтырушы Бақытгүл Төлеуханованың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бақытгүл Көбегенқызының тәлімін алған өрендер облыстық деңгейде өздерінің мықты екенін дәлелдеп, жүлделі орындарды қанжығаларына байлады. Тоғызқұмалақ — адамды сабырға, дәлдікке және алдын ала болжауға үйретеді. Жаңаарқа төрінде өткен бұл чемпионат жас таланттардың деңгейін көрсетіп қана қоймай, Ұлытау өңірінде зияткерлік спорттың қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз. Құмалақтарыңыз сай, есептеріңіз түгел болсын, жас шеберлер!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ