Халықпен жүздесу – сенім мен серіктестіктің негізі

Арнайы бекітілген кестеге сәйкес «Ынтымақ» ауылының тұрғындарымен кезекті кездесу өтті. Ауыл тұрғындарымен бетпе-бет жүздесу, олардың ой-пікірін тыңдау, көтерілген мәселелерді талқылау — депутаттық қызметтің маңызды бағыттарының бірі.

Бұл басқосу халық пен билік арасындағы ашық диалогтың, өзара сенім мен түсіністіктің нақты көрінісіне айналып, ел мүддесіне қызмет ететін ортақ алаң болды.

Мұндай кездесулер жергілікті жерде қордаланған мәселелерді ашық айтуға, тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге және нақты шешу жолдарын бірлесе қарастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, ауылдық жерлер үшін халықпен тұрақты кері байланыс орнату – әлеуметтік тұрақтылық пен дамудың басты кепілі.

Кездесуге кент әкімі Қайрат Жансағымов пен оның орынбасары Бектемір Темірбай, әкімдік мамандары мен жергілікті мекеме басшылары қатысып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектері тыңдалды.

Жиын барысында ауыл ақсақалдары ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, сонымен қатар, тұрғындарды алаңдатқан бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Бұл – депутаттар мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің халықпен етене байланыста, бірлесе жұмыс істеп отырғанының айқын дәлелі.

Ауыл тұрғындарын ерекше қуантқан жаңалықтардың бірі – көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан көлік жолдары мәселесі биыл оң шешімін тауып, жол құрылысының басталуы.

Ауылішілік жолдардың салынуы – мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымды дамыту саясатының нақты нәтижесі. Жол – тек қатынас құралы ғана емес, ауыл экономикасының, әлеуметтік өмірдің дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор.

Осы бағыттағы оң өзгерістер тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, ауылдың келешегіне деген сенімді нығайта түсуде.

Үкіметтің өңірлерді дамытуға бағытталған бағдарламаларының арқасында ауылдық елді мекендерде жол, жарық, байланыс секілді инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған нақты әрі жүйелі қадамдардың нәтижесі.

Сонымен қатар, кездесу барысында ауыл халқын алаңдатып отырған бірқатар мәселелер де назардан тыс қалмады.

Атап айтқанда, электр қуатының төмендігі және оны талапқа сай реттеу қажеттілігі, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ аумағынан шығатын қаңғыбас иттердің ауыл малына шабуыл жасауы тұрғындар тарапынан көтерілді.

Бұдан бөлек, бүлдіршіндерді балабақшаға тасымалдауда туындап отырған қиындықтар, яғни такси қызметінің қымбаттығы да өзекті мәселе ретінде айтылды.

Әрбір көтерілген түйткіл бойынша кент әкімі тарапынан нақты түсініктемелер беріліп, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатыны атап өтілді. Әкімдік мамандары жауапты мекемелермен бірлесе отырып, мәселелерді бақылауға алатындарын жеткізді.

Аталған кездесу депутат пен халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, мемлекеттік саясаттың жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанын көрсететін маңызды алаң болды.

Тұрғындардың пікірін есту, оларды толғандырған мәселелерді назарға алу – тиімді басқарудың және ашық қоғам құрудың негізгі тетіктерінің бірі.

Халықтың талап-тілегін тыңдап, дер кезінде шешім қабылдауға ұмтылу – әділетті қоғам қалыптастырудың басты қағидаларының бірі.

Ал осындай кездесулер азаматтардың билікке деген сенімін арттырып, ел мен мемлекет арасындағы өзара серіктестікті одан әрі күшейте түсетіні сөзсіз.

Алдағы уақытта да тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, айтылған ұсыныстар мен мәселелердің нақты орындалу барысын бақылау басты назарда болады. Өйткені, халықтың мұң-мүддесін ескеру – ел дамуының негізі.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихатының депутаты.