«IRON MAN-2026» кімнің бағын жандырды?

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, ол – ұлттың рухы, төзім мен қайраттың шыңдалатын алаңы. Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» десе де, білек пен білім ұштасқан жерде нағыз жеңімпаздар туатыны хақ.

Бүгінде салауатты өмір салтын ұстану – жай ғана тренд емес, өмірлік қажеттілік. Осы орайда, кеншілер шаһары Қаражалда нағыз ер мінезділердің сайысы өтіп, қала аспанын жеңіс ұраны кернеді.

Қазыналы өлкеде алғаш рет ұйымдастырылған «IRON MAN-2026» турнирі Қаражал қаласының спорт шежіресіне алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Бұл жай ғана жарыс емес, адамның өз мүмкіндіктерінің шегін тексеретін, төзімділік пен күштің нағыз емтиханы болды.

Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған алаңда нағыз «темір адамдардың» айқасы қызды. Сайыстың шымылдығы ашылған сәттен бастап, әрбір қатысушының жүзінен жеңіске деген нық сенім мен толқыныс байқалды.

Жарыс барысында қатысушылар бес күрделі кезеңнен өтіп, нағыз төзімділік пен күш-жігердің үлгісін көрсетті. Алдымен спортшылар 3 айналымды жүгіріп өтуі тиіс болды. Мұнда тек жылдамдық емес, тынысты дұрыс реттей білу шешуші рөл атқарды.

Бұдан кейін кір тасын көтеру кезеңі басталды: 1 минуттың ішінде салмағы 24 кг тасты барынша көп көтеру арқылы қатысушылар білек күші мен бұлшықет төзімділігін сынады.

Жарыстың ең тартысты сәті — ауыр жүк көлігінің шинасын аудару болды, бұл алып дөңгелекті бағындыру тек нағыз мықтылардың ғана қолынан келді.

Келесі кезекте спортшылар турник пен брусьяда жаттығулар жасап, өз салмағын игере білу өнері мен қол күшін паш етті. Сайыс соңында қатысушылар кедергілер жолағынан өтіп, мәреге жету үшін соңғы күш-жігерлерін сарп еткен шешуші сынмен жарысты қорытындылады.

Сайыс соңында жеңімпаздарды ұлықтау рәсімі ерекше салтанатпен өтті. Ұйымдастырушылар спортшылардың төккен тері мен қайратын жоғары бағалап, құнды сыйлықтарды табыстады.

Турнирдің ең басты ерекшелігі – бас жүлдегерге Қаражалдың ең күшті адамы екендігін айғақтайтын алтын түстес арнайы чемпиондық белдік тағылды. Жарыс соңында үздік шыққан спортшыларға арнайы үлгідегі кубоктар мен медальдар, жетістікті айғақтайтын дипломдар және көлемді ақшалай сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан тартысты сайыстың қорытындысы бойынша Қаражалдың нағыз «темір адамдары» анықталды: барлық кезеңде оқ бойы озық шығып, алғашқы «IRON MAN-2026» чемпионы атағын Ораз Маханов І орын иеленсе, соңғы сәтке дейін чемпионмен иық тіресе өнер көрсеткен Нұрлан Айтбеков күміс жүлдені ІІ орын қанжығасына байлады, ал 15 шақты үміткердің ішінен суырылып шыққан Абзал Әрін үздік үштікті ІІІ орын түйіндеді.

Бас жүлде иегері Ораз Маханов:

– Бұл дода оңай болған жоқ, бірақ халықтың ыстық ықыласы мен шынайы қолдауы маған ерекше жігер берді. Дәл осы демеудің арқасында шаршағанымды ұмытып, жеңіске деген құлшынысым оянды. Бұл алтын белдік — тек менің ғана жетістігім емес, бұл — спортты серік еткен, намысты ту еткен өңір жастарының ортақ жеңісі, – дейді.

Қаражалда өткен бұл турнир қаланың спорттық имиджін жаңа деңгейге көтерді. Жастарға үлкен мотивация сыйлаған шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табады деген сенім мол.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ