Тілі бірдің – тілегі бір

Қаражалдың қасиетті топырағында туып-өскен, бүгінде аймақтың дамуына үлес қосып жүрген Артем Кимнің есімі көпшілікке танымал. Ол – Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты ғана емес, Қаражал қаласындағы спорт саласына жан бітіріп, бассейн жұмысын жандандырып отырған іскер басшы.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз Артем мырзамен және оның жары Сабинамен отбасылық құндылықтар мен елге деген сүйіспеншілік жайында сыр шерткен едік.

– Артем Сергеевич, сіздің қазақ тілінде еркін сөйлегеніңізді естіген жұрт таңғалысын жасыра алмайды. Өзіңізді осы елдің төл баласы ретінде сезінетініңіз әр сөзіңізден байқалады. Бұл тектік тәрбие ме, әлде ортаның әсері ме?

– Мен Қазақстанда тудым, осында ер жеттім. Балалық шағым қазақ достарымның арасында өтті. Сондықтан, қазақ тілі мен үшін «өзге тіл» емес, өз тілім. Тіл білу – халықтың жанын түсіну деп білемін. Депутат ретінде халықпен кездескенде де, бассейндегі балалармен тілдескенде де ешқандай кедергінің болмауы – жұмысымның берекесі. Меніңше, Қазақстанда туған әрбір азамат осы елдің тілін, ділін құрметтеуі тиіс. Бұл – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз.

– Сіз өзге ұлттан болсаңыз да, бойыңызда қазақы мінез басым. Жарыңыздың қазақ қызы болғаны сіз үшін кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма?

– Мен мұны тағдыр деп білемін. Шынымды айтсам, мен өзімді басқа ортада елестете алмаймын. Менің достарым, өскен ортам — бәрі қазақы. Сондықтан, жарымның қазақ қызы болғаны мен үшін өте табиғи жағдай болды. Біздің түсінігіміз, әзіліміз, тіпті, ренішіміз де ортақ мәдениетке негізделген.

Сабина:

– Артем екеуміз танысқанда, оның қазақша сөйлегені маған қатты әсер етті. Ол тек тілді ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін, үлкенді сыйлауын, жөн-жоралғысын менен артық білмесе, кем білмейді. Үйде де ұлымызға осы құндылықтарды сіңіріп келеміз.

– Екі түрлі мәдениетті тоғыстырған отбасының құрылуы қалай болды? Ата-аналарыңыз бұл шешімді қалай қабылдады?

Артем:

– Біздің шаңырақ – Қазақстанның кішігірім моделі десем қателеспеймін. Арғы тегіміз бөлек болғанымен, тағдырымыз бір.

Сабина:

– Танысқаннан кейін екі отбасы да бізді бірден қолдады. Артемнің анасы мені алғашқы күннен өз қызындай көріп, бауырына басты. Ал менің төркінім Артемнің еңбекқорлығына, әсіресе, ана тілімізге деген құрметі мен жүйріктігіне тәнті болды. «Тілі бірдің – тілегі бір» деген осы болса керек.

– Қаражал қаласындағы бассейн жұмысына тоқталсақ. Кеншілер қаласында спортты дамытудың қандай ерекшелігі бар?

Артем:

– Қаражал – қарапайым еңбек адамдарының қаласы. Мұндағы ағайынның балалары өжет, намысшыл, спортқа бейім келеді. Біздің бассейн – тек суға шомылу орны емес, бұл жастардың мінезін қалыптастыратын орта. Балалардың көзіндегі отты көргенде, оларға жағдай жасауға депутат ретінде де, директор ретінде де барымды саламын. Болашақта Қаражалды тек кеншілер қаласы емес, жастары спорт пен білімде алға шыққан, заманауи әрі жайлы қала ретінде көргім келеді. Біздің бассейннен шыққан чемпиондар Әнұранымызды әлемдік ареналарда шырқатып жатса, мен үшін ең үлкен бақыт – сол.

– Оқырмандар үшін сіздің тіл үйрену әдісіңіз қызық болуы мүмкін. Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз?

Артем:

– Маған жиі «Қалай тез үйрендің?» деген сұрақ қойылады. Құпиям қарапайым – қате айтудан қорықпау керек. Қаражалдағы көршілеріммен, достарыммен сөйлескенде олар мені әрқашан түзетіп, қолдап отырды. Тілді тек кітаптан емес, адамның жүрегінен үйрену керек. Ортаға сіңіп, сол халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтасаң – тіл өзі-ақ келеді.

Сабина:

– Қосып өтейін, үйде біз көбіне қазақша сөйлесеміз. Ұлымызға бесік жырын да, ертегілерді де қазақ тілінде айтамыз. Артемнің бұл ұстанымы біздің шаңырақтың беріктігін нығайтып тұр.

– 1 мамыр мерекесі сіздердің отбасы үшін қандай маңызға ие?

Артем:

– 1 мамыр — біз үшін тек достық емес, нағыз бауырластық мерекесі. Қаражал өңірінде барлық ұлт өкілдері бір тудың астында, бір тілде сөйлеп, ортақ мақсатқа жұмыс істеп жатыр. Менің тегім – корей, бірақ, жаным – қазақ. Біздің еліміздің күші – осы әртүрлілікте.

Сабина:

– Біздің үйде ең бастысы – сыйластық. Артем корей ұлтының еңбекқорлығын, мен қазақтың кеңпейілділігін шаңырағымызға сыйладым. Ортада бақытты балалық шағы өтіп жатқан ұлымыз бар. Бірлік деген – осы.

– Қазақ қызы үшін басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығу – үлкен қадам. Жолдасыңыздың бойынан өзіңізге жақын қандай құндылықтарды көрдіңіз?

Сабина:

– Мен үшін ұлттан бұрын адамның болмысы маңызды болды. Жан жарым өте қамқор, еңбекқор және үлкенді сыйлай біледі. Оның мінезі біздің қазақ жігіттерінен еш кем емес. Оның үстіне, ол менің мәдениетімді, тілімді шексіз құрметтейді. Маған осы сыйластық бәрінен қымбат болды.

– Артем Сергеевич, әңгімеңіздің соңында барша отандастарымызды айтулы мерекемен құттықтап өтсеңіз.

– Құрметті жерлестер! Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біздің ең үлкен байлығымыз – бейбітшілік пен өзара түсіністік. Шаңырақтарыңыздан бақ-береке, ырыс пен ынтымақ кетпесін. Қазақстанның әрбір азаматының жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімі ұялап, еліміздің көк байрағы бейбіт аспанда мәңгі желбірей берсін. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын. Мереке құтты болсын!

– Салиқалы әңгімелеріңізге рақмет. Қаражалдың дамуы жолындағы істеріңіз оң болсын!

Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.