Қаражал қаласында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі – депутаттардың белсенді қызметі. Жергілікті деңгейде атқарылып жатқан әрбір іс тұрғындардың сұранысы мен қажеттілігіне негізделіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуда. Осы орайда, депутаттардың халықпен тығыз байланыс орнатып, өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, шешу жолдарын қарастыруы – өңір дамуының басты кепілі.
Бүгінде Қаражал қаласында депутаттар тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, кері байланыс орнату арқылы әлеуметтік, инфрақұрылымдық және тұрмыстық мәселелерді назарда ұстап келеді. Мұндай жүйелі жұмыс жергілікті басқарудың тиімділігін арттырып, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етуде.
Мен Қаражал қаласындағы № 5 сайлау округінің депутаты ретінде жұмыс барысында халықпен тікелей жүздесіп, олардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескеру және ортақ шешімдер табуды басты орынға қоямын.
Осы мақсатты орындау үшін тұрғындармен тұрақты түрде ашық кездесулер өткізіп келемін. Округ тұрғындарымен мазмұнды әңгіме өрбіген кезекті кездесу барысына тоқталып өтейін.
Жиынға облыстық мәслихат депутаты Артем Ким, сондай-ақ, тиісті салалық бөлімдердің басшылары мен жауапты мекемелердің өкілдері қатысып, көтерілген мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасты.
Тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды сұрақтар көтерілді. Атап айтқанда, жаңадан салынып жатқан мектептің құрылыс сапасы мен пайдалануға берілу мерзімі, сондай-ақ, оның жылу қазандығының алдағы қыс маусымына дайындығы кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, балалар ойын алаңдарының тазалығы мен абаттандырылуына қатысты ұсыныстар да айтылды. Вокзал шағын ауданындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытылы шығару мәселесі де назардан тыс қалмады.
Осы бағытта «Қалалық коммуналдық шаруашылығы» ШЖҚ КМК-мен жұмысты күшейту қажеттігі атап өтіліп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Кездесу барысында айтылған барлық өтініштер мен ұсыныстарды депутат ретінде өз бақылауыма алдым. Әрбір мәселе жан-жақты зерделеніп, қажет болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданды.
Жалпы, мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей ескеруге мүмкіндік береді. Бұл – халық мүддесіне негізделген тиімді кері байланыс пен өзара сенімге құрылған басқару қағидатының нақты көрінісі.
Жұмакүл АХМЕТОВА,
Қаражал қалалық мәслихат депутаты.
