Заң мен тәртіп – әділ қоғамның берік тірегі

Қазақстанның болашағы – заң үстемдік құратын, әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінетін әділ қоғамда. Осы мақсатты ту еткен Қаражал қаласында ағымдағы аптада «Заң мен тәртіп: әділ қоғам негізі – қаржылық қауіпсіздік, жемқорлыққа қарсы мәдениет және есірткі қылмысына төзбеушілік» атты ауқымды қалалық форум болып өтті. Мәдениет үйінің төрінде бас қосқан қауым ел болашағына қатысты ең өзекті мәселелерді талқы таразысына салды.

Форумның шымылдығы Өнер мектебі оқушыларының рухты көтеретін күйімен ашылды. Шара модераторы Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Ұлытау облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, «Ұлытау жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Сейтпеков алғашқы сәттен-ақ залдағы қауымды белсенді диалогқа тартып, «Әділ қоғамда өмір сүргісі келетіндер» мен «Болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін ойлайтындарды» ортақ мақсатқа жұмылдырды.

Жиынның ашылу салтанатында сөз алған Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов қоғамдағы тұрақтылықтың негізі заңға бағынудан басталатынын қадап айтты.

– Бүгін біз қоғам үшін аса маңызды, күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелерді талқылау үшін бас қосып отырмыз. Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің іргетасы, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі. Ал әділ қоғам – бұл тек құқықтық нормалардың сақталуы ғана емес, ол әр азаматтың саналы әрекеті мен жоғары жауапкершілігінің көрінісі. Қазіргі таңда қаржылық қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар, дропперлік сияқты қауіптер күн сайын көбейіп келеді. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін халықтың, әсіресе, жастардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру аса маңызды. Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру – қоғамның дамуының басты шарттарының бірі. Жемқорлыққа төзбеушілік – бұл тек заң талаптары емес, бұл әр азаматтың ішкі ұстанымы, адалдық пен әділдіктің көрінісі болуы тиіс. Есірткі қылмысына қарсы күрес те – бүгінгі күннің өткір мәселелерінің бірі. Жастарымыздың саналы таңдау жасап, зиянды әдеттерден аулақ болуы – мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды. Сондықтан, алдын алу жұмыстары, түсіндіру, тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуі қажет.

Құрметті форум қатысушылары! Қаражал қаласы – еңбек пен бірліктің, дамудың айқын үлгісін көрсетіп келе жатқан шаһар. Осындай игі бастамалар арқылы біз қоғамды одан әрі нығайтып, қауіпсіз әрі әділ орта қалыптастыра аламыз деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік, мазмұнды пікірталас және нәтижелі шешімдер тілеймін, – деді қала басшысы өз сөзінде.

Бұл форумның басты ерекшелігі – оның дәстүрлі баяндама оқу шеңберінен шығып, интерактивті, халыққа жақын форматта өтуі болды. Спикерлердің әрқайсысы залмен тікелей байланыс орнатып, күрделі заң терминдерін қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты.

Форумның келесі бөлігі қоғамның ең ауыр дерті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тізбектеп берді. Ол мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы мен қоғамдағы «нөлдік төзбеушілік» қағидасының маңыздылығын атап өтті.

Бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі – интернет-алаяқтық пен дропперлік қылмыстар. Ұлытау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі Нұрсұлтан Ибаділдаев цифрлық қауіпсіздіктің қыр-сырын ашып берді.

– Бүгін біз цифрлық әлемнің екі қауіпті құбылысы — дропперлер мен дипфейктер туралы айтатын боламыз. Дроппер дегеніміз — алаяқтардың заңсыз ақшасын өз картасы арқылы өткізіп беретін адам. Көбінесе жастар «оңай табыс» туралы жарнамаларға алданып, өз банк шотын басқаларға пайдалануға береді. Есте сақтаңыз: бұл — ауыр қылмыс. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) және 218-бабы (қылмыстық ақшаны заңдастыру) бойынша мұндай әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тіпті, сіз ақшаның қылмыстық жолмен келгенін білмесеңіз де, заң алдында жауап бересіз. Екінші қауіп — дипфейктер. Бұл жасанды интеллект арқылы адамның бет-бейнесі мен дауысын айнытпай қайталайтын жалған видео немесе аудио. Алаяқтар жақыныңыздың кейпіне еніп, сізден шұғыл ақша сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда эмоцияға берілмей, адамның өзіне қайта қоңырау шалып, ақпаратты тексеру маңызды. Өзіңізді қорғау үшін ешқашан банк картаңызды бөтенге бермеңіз, жеке мәліметтеріңізді құпия ұстаңыз және кез келген күмәнді ұсынысқа сыни көзбен қараңыз. Сақтық пен цифрлық сауаттылық — сіздің басты қорғаныңыз, – деп, оңай олжаға кенелемін деп, қылмыстық топтардың қолжаулығына айналып жатқан жастардың тағдыры туралы ащы ақиқатты айтып берді.

Осы тұста Қаражал қаласының прокуроры Дархан Бөлекбаев заң үстемдігінің маңыздылығына тоқталды. Ол кез келген заң бұзушылықтың артында жауапкершілік тұрғанын, ал құқықтық тәртіптің сақталуы әрбір азаматтың қауіпсіздігіне кепіл болатынын ескертті.

Өз сөзінде:

– Бүгінгі қоғамның басты құндылығы – заң үстемдігі мен әділдік. Әрбір азамат заңды құрметтеп, тәртіпті сақтағанда ғана мемлекетіміздің іргесі берік болады. Қазіргі таңда интернет-алаяқтық пен қаржылық пирамидалардың көбеюіне байланысты әр азаматтың қаржылық сауатты болуы аса маңызды. Сонымен қатар, қоғам дамуына кедергі келтіретін жемқорлық індетіне тосқауыл қою – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе, жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастырып, ұлт болашағын сақтау — біздің басты басымдығымыз. Заң мен тәртіп әр адамның күнделікті қағидасына айналуы тиіс, тек бірлескен күш-жігермен ғана біз қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыра аламыз, – деді прокурор.

Форумның ең әсерлі әрі маңызды бөлімі есірткі қылмысына қарсы күреске арналды. Ұлытау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Алмаз Хамитов синтетикалық есірткілердің жастар болашағына төндіретін қаупі туралы баяндады. Көрсетілген арнайы бейнеролик залды бір сәтке ойландырып тастады – бұл жердегі әрбір кадр қатал шындықты бейнелеген еді.

Форумның соңы жай ғана ресми жиын емес, қатысушылардың қанын тулатып, рухын асқақтатқан нағыз патриоттық шоу-бағдарламаға ұласты. Бұл сәттер көрермендерге ерекше жігер сыйлап, заманауи қазақстандық жастардың қауқарлы екенін паш етті.

Сахна төріне шыққан мектеп оқушыларының АК-74 автоматын көз ілеспес жылдамдықпен шашып-жинауы жиналғандарды таңдай қақтырды. Олардың әрбір қағылез қимылынан темірдей тәртіп пен Отан алдындағы жауапкершілік сезіліп тұрды. Автоматты шашып-жинаудан ер балалар арасында І орынды Отан Сайынбек жеңіп алып, арнайы марапатқа ие болды.

Ал қыз балалар арасында І орынды 3-сынып оқушысы Іңкәр Қалқаман иеленіп, автоматты аса жылдамдықпен шашып-жинаудан өз шеберлігін дәлелдеді.

Одан кейін ортаға шыққан арнайы үйретілген қызметтік иттер өз шеберліктерімен көпшілікті тәнті етті – есірткі іздеу және қашқан қылмыскерді құрықтау сәттерін нағыз кәсіби деңгейде көрсеткен кинологтардың жұмысы шоудың мазмұнын байыта түсті.

Ал кештің ең шырқау шегі жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) сарбаздарының көрсетілімі болды: олардың жойқын қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен қылмыстық топты залалсыздандыру бойынша жасаған шапшаң тактикалық әрекеттері форумның нүктесін қойып, ел тыныштығының сенімді қолда екенін ұғындырды.

Бұл бағдарлама жастардың рухын оятып, бойындағы отансүйгіштік қасиетті жаңа белеске көтерген нағыз жігер мектебіне айналды.

Форум барысында спикерлер мен жастар арасындағы байланыс еркін форматта өрбіді. Қала жастары көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, құқықтық сауаттылық, киберқауіпсіздік және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл төңірегінде тұщымды жауаптар алды.

Әсіресе, заң саласының мамандарымен болған ашық әңгіме жас буынның құқықтық мәдениетін көтеруге үлкен септігін тигізді. Ең белсенді қатысушылар мен талқыланған тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берген білімді жастар арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бұл марапаттар олар үшін тек естелік қана емес, әділ қоғам құру жолындағы алғашқы қадамдарының белгісіндей болды.

Қаражал қаласында өткен бұл форум – тек ресми жиын емес, халықтық деңгейде өткен іс-шара болды. «Заң мен тәртіп» – бұл әрбір қазақстандықтың өмірлік қағидасы болуы керек. Форумның басты нәтижесі – әрбір қатысушының бойында әділ қоғам құруға деген ұмтылыс пен жауапкершілік сезімін ояту болды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ