Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында интернет-алаяқтық фактісі анықталды

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында интернет-алаяқтық фактісі анықталды. Қылмыс мессенджер арқылы жасалған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, алаяқ өзін байланыс қызметінің өкілі ретінде таныстырып, жәбірленушінің ұялы телефонына WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалған. Әңгіме барысында ол үй телефоны мен интернет қызметіне қатысты келісімшартты ұзарту қажеттігін айтып, жәбірленушінің сеніміне кірген.

Кейін зейнеткерлерге арналған «жеңілдік картасын» рәсімдеу сылтауымен жәбірленушіден жеке деректерін сұрап, белгісіз тәсілмен оның ұялы телефонына қашықтан қол жеткізген. Осылайша мобильді банкинг қосымшалары арқылы банк шоттарынан ақша аударымдары жасалған.

Нәтижесінде жәбірленушінің екі банк шотынан 1,8 миллион теңгеден астам қаражат заңсыз шешіп алынған.

Жәбірленуші — 1955 жылы туған, 70 жастағы зейнеткер.

Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қылмысты ашуға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізуде. Қаржылық операциялар тексеріліп, күдікті аударымдар арнайы антифрод жүйесіне енгізілді.

Полиция азаматтарды өзін банк, байланыс немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстыратын белгісіз тұлғаларға сенбеуге, жеке деректер мен банк реквизиттерін бермеуге және күмәнді жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады.