Бүгінгі таңда еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда, жұмыссыздықпен күресу және халықты әлеуметтік қорғау бағытында атқарылып жатқан ауқымды істер туралы Мансап орталығының басшысы Гүлнар Сағынтаевамен сұхбаттасқан едік.
– Гүлнар Сапарқызы, орталықтың алдына қойған негізгі мақсаттары қандай?
– Біздің басты миссиямыз — азаматтардың жұмыспен қамтылуына белсенді ықпал ету, оларды жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру. Біз жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді тоғыстыратын басты мекеме болып табыламыз.
– 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен ұсынылатын бағдарламаларға тоқталсаңыз?
– Орталық кәсіптік бағдар беру, қайта даярлау және мансаптық жоспарлау бойынша кешенді қызметтер ұсынады. 2025 жылы біз бос орындар базасын жаңартып, жастар мен мамандарға арналған кеңес беру жұмыстарын күшейттік.
Жұмыссыз азаматтар бізге өтініш білдірген сәтте «жұмыс іздеуші» ретінде тіркеліп, қолда бар бос жұмыс орындары туралы толық мәлімет ала алады.
Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша 344 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 35 жас маман «Жастар практикасымен» алғашқы тәжірибесін бастаған болатын. Сонымен қатар, 2025 жылы 2 отбасы өңірімізге қоныс аударды.
– Қызмет барысында қандай да бір қиындықтар кездесе ме?
– Әрине, қиындықсыз жұмыс болмайды. Ең өзекті мәселе — мамандығы жоқ азаматтардың жауапкершілігі.
Біз оларды «Қоғамдық жұмыс» жобасымен жыл соңына дейін жұмысқа орналастырамыз, алайда кейбір азаматтар алғашқы жалақысын алған соң жұмысқа шықпай қояды.
Бұл біздің де, жұмыс берушінің де жұмысын қиындатады. Себебі базадан бір рет өз еркімен шығып кеткен адамның қайта кіруіне мүмкіндік жоқ, ал тұрақты жұмысқа орналасуы тіпті қиындай түседі.
– Қазіргі заман цифрландыру дәуірі. Орталық жұмысында қандай технологиялар қолданылады?
– Біз барлық қызметтерді заманауи цифрлық форматқа көшірдік. Жұмысымыздың негізі — электрондық еңбек биржасы Enbek.kz пен отбасының цифрлық картасы.
Бұл құралдар жұмыс беруші мен үміткердің арасын жақындатып, мемлекеттік көмектің атаулы әрі ашық болуын қамтамасыз етеді.
– Жұмыс берушілер тарапынан сұраныс қандай? Оларға қандай қолдау көрсетесіздер?
– Негізгі сұраныс өндіріс, білім беру, көлік және қызмет көрсету салаларынан түседі. Біз оларға білікті мамандарды жедел тауып беруге, бос орындарын тіркеуге көмектесеміз.
Сондай-ақ мемлекет тарапынан субсидияланатын «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты жобаларды ұйымдастырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін жиі өткіземіз.
– Жұмыс іздеушілерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қаншалықты жиі өтеді?
– Жәрмеңкелер тоқсан сайын немесе ірі жұмыс берушілерден үлкен сұраныс түскенде өткізіледі. Бұл жерде жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші бетпе-бет кездесіп, бірден сұхбаттасуға мүмкіндік алады. Бұл — жұмысқа орналасудың ең жылдам жолы.
– «Жастар практикасы» бағдарламасының тиімділігі қандай? Түлектерге бұл не береді?
– Бұл — диплом алып, тәжірибесі жоқ жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекет жас маманның жалақысын субсидиялайды, ал жас маман 1 жылға дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды.
Көбіне жақсы нәтиже көрсеткен жастарды жұмыс берушілер сол жерде тұрақты жұмысқа алып қалады.
– Гүлнар ханым, орталықтың соңғы кездегі жұмыс нәтижелері қандай? Нақты сандарға тоқталсаңыз?
– Біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші — жұмысқа орналасқан азаматтардың саны. Ал 2026 жылдың басынан бері небәрі бірнеше айдың ішінде 94 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ биылғы жас түлектердің де алғашқы легі жұмысқа тартыла бастады: қазірдің өзінде 2 жас маман «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жолдама алып, жұмысқа кірісті.
Бұл қарқын біздің жұмыс берушілермен байланысымыздың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
– Алдағы уақытқа жоспарланған қандай жаңа жобалар бар?
– Біздің басты жаңалығымыз — ерікті қоныс аудару жобасы. Бұл қоныс аударуға ниет білдірген отбасылар үшін үлкен мүмкіндік.
Мемлекет тарапынан үй сатып алуға 7 миллион теңге көлемінде көмек, көшу шығындары үшін отбасының әр мүшесіне 302 мың теңгеден төлемақы, кәсіпкерлікпен айналысуға қолдау қарастырылған.
Сұхбат барысында түйгеніміз, Мансап орталығы — тек құжат рәсімдейтін мекеме емес, бұл әр азаматтың тағдырына бейжай қарамайтын, заманауи технологияларды тізгіндеген маңызды институт.
Орталық басшысы Гүлнар Сағынтаева атап өткендей, мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылған, ендігі кезек — азаматтардың жеке ынтасы мен жауапкершілігінде.
Бұл орталық тек жұмыс тауып қана қоймай, цифрлық шешімдер арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге бағытталған бірегей платформа.
Егер сіз жаңа жұмыс іздесеңіз немесе кәсіби бағдарыңызды түбегейлі өзгерткіңіз келсе, Мансап орталығының есігі сіз үшін әрқашан ашық.
Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.
