Тұрғындармен тікелей байланыс

«AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының халық алдындағы есептік кездесулері 13 сәуірден басталды.

Қаражал қаласында тұрғындармен ашық форматта жұмыс жүргізу және өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау мақсатында Қаражал қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мауленина өткен аптада өз сайлау округінде сайлаушыларымен кездесті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан оқушыларды тасымалдайтын автобустың жүру маршрутын оңтайландыру, бұралқы иттердің көбеюі, бақташының болмауына байланысты ірі қара малдың көшеде жайылып жүруі, электр жарығы қуатының төмендігі, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолағын белгілеу қажеттілігі секілді бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.

Тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісті сала мамандарымен бірлесіп зерделеу және кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.

Мұндай кездесулер тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдап, жергілікті деңгейдегі мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Өз тілшімізден.