Бір кәсіпорын – бір тағдыр

Қаламыздағы ірі өндіріс ошақтарының бірі өз жұмысын бастағанына ғасырға жуық уақыт таяп қалды. Ал сол кәсіпорынмен бірге өсіп, біте қайнасып, жарты ғасырға жуық бір орында табан аудармай еңбек ету – кез келген жанның қолынан келе бермейтін ерлікпен пара-пар іс.

Осындай еңбек адамдарының өмір жолына үңілгенде, еріксіз таңданыс пен құрмет сезімі оянады. Өйткені, бұл – табандылық пен төзімнің, адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Қырық екі жыл – бұл жай ғана уақыт өлшемі емес, тұтас бір дәуір. Бір кәсіпорынның табалдырығын жас маман болып аттап, сол ұжымның тыныс-тіршілігімен бірге жасап, маңдай терімен абырой биігінен көріну – үлкен мәртебе. Осындай құрметке лайық жандардың бірі – «Өркен-Атасу» Өкілдігінің жүргізушісі Ғалы Шокижанов.

Ғалы Қайруллаұлы 1964 жылдың 7 қазанында қазыналы өңірімізде қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң, қазіргі тау-кен колледжінде білім алып, азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып қайтады.

1984 жылы елге оралған жас жігіт бірден «Өркен-Атасу» Өкілдігінің тау-кен шахтасындағы автотранспорт цехына жүргізуші болып жұмысқа орналасады.

Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Әкесі Қайрулла ата осы кәсіпорында басшылық қызмет атқарып, анасы да осы ұжымда еңбек еткен. Ата-анасының сара жолын жалғаған Ғалы аға үшін бұл тек мамандық емес, өмірлік мұратқа айналды.

Еңбек жолының алғашқы баспалдағы ЗиЛ автокөлігін тізгіндеуден басталды. Жиырма жасында үлкен жауапкершілікті арқалаған жас маман уақыт өте келе тәжірибесі толысқан, сенімді, өз ісінің шеберіне айналды.

Бүгінде ол – автобус көлігінің жүргізушісі. Күнделікті міндеті – жұмысшыларды қауіпсіз түрде жұмыс орнына апарып, қайта үйлеріне аман-есен жеткізу. Қарапайым көрінгенімен, бұл қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Әр рейс – сенім, әр сапар – жауапкершілік. Осы сенімді 42 жыл бойы ақтап келе жатқан Ғалы ағаның еңбегі – кез келген құрметке лайық.

Ұжым ішінде де оның орны ерекше. Әріптестері оны байсалды мінезі, тиянақтылығы мен адамгершілігі үшін қадір тұтады.

Осындай адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы» медалімен марапатталса, 2025 жылы автокөлік жүргізушілері күніне орай «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Бұдан бөлек, көптеген алғыс хаттар мен мадақтамалар – оның еңбегінің айғағы.

Ғалы аға тек өндірісте ғана емес, отбасында да үлгілі әке, ардақты ата. Жары Тұрсынай ханыммен бірге үш перзент тәрбиелеп өсірді.

Тұрсынай ханым да – еңбекқор жан. Қырық жылға жуық түрлі салада қызмет етіп, оның ішінде медицинада абыройлы еңбек етіп келеді. 2003 жылдан бері орталық ауруханада акушер болып, аналар мен сәбилердің амандығына үлес қосып жүр.

Отбасының тұңғышы Дана бухгалтер мамандығын игеріп, бүгінде отбасылық өмірдің қызығын көруде. Ұлдары Сұлтан – заң саласының маманы.

Ал кенже қыздары Динара – білім мен еңбектің арқасында үлкен белестерді бағындырған жан. Мектеп пен жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, Италияның Рим қаласындағы университетте магистратураны аяқтаған. Қазіргі таңда Астанада ірі компанияда еңбек етуде.

Бүгінде Ғалы аға мен Тұрсынай ханым төрт немеренің сүйікті ата-әжесі.

Ғалы Қайруллаұлының өмір жолы – қарапайым еңбек адамының үлкен тағдыры. Оның әр күні – адал еңбекпен өрілген, әр жылы – тәжірибе мен төзімнің жемісі.

Мұндай жандар – кез келген қоғамның тірегі, елдің еңсесін тіктейтін нағыз еңбек майталмандары. Қай кезде де ел дамуының негізі – осындай қарапайым, бірақ қайсар адамдардың еңбегінде жатыр.

Ғалы аға сынды азаматтардың ғибратты ғұмыры кейінгі буынға үлгі болып, еңбекке деген құрметтің мәнін терең ұғындыра беретіні сөзсіз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ