Қазақ қыздарының қайсар рухын, тектілігін және жеңіске деген өжеттігін тағы бір мәрте айқын көрсеткен тарихи жеңіс тіркелді. Жәйрем кентінің тұрғыны, №10 мектептің оқушысы Еркежан Наукенова биылғы көктемде қысқа мерзім ішінде бірінен соң бірі ірі спорттық белестерді бағындырып, өз есімін асқақтатты.
Ағымдағы жылдың 6-10 сәуірі аралығында Ақтау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында 75 кг салмақ дәрежесінде жүлделі орын иеленуі Еркежанның тек самбо емес, ұлттық күресте де жоғары деңгейдегі спортшы екенін дәлелдеді.
Ал арада көп уақыт өтпей, Ақтөбе қаласында өткен самбодан Қазақстан Республикасының чемпионатында +75 кг салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынуы оның шын мәніндегі чемпиондық қуатын айғақтады.
Бұл — кездейсоқ келген табыс емес, маңдай термен, табандылықпен, темірдей тәртіппен келген жеңіс.
Еркежан Наукенова — туған жердің рухын бойына сіңірген қайсар қыз. Жәйрем — еңбек пен төзім қатар жүретін, мінез қалыптасатын мекен. Осындай ортада өскен Еркежан спорттағы жолын салмақпен, сабырмен бастады.
Самбо бойынша Қазақстан чемпионаты — әр белдесу тағдыр шешетін, тек мықтылар ғана шыдайтын нағыз майдан. Осындай алып додада Еркежан ептілік танытып, қарсыластарын бірінен соң бірін айқын басымдықпен жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Бұл жеңістің артында бапкер мен шәкірт арасындағы берік сенім, жылдарға созылған ерен еңбек жатыр. Еркежан Наукенованың жаттықтырушысы — самбодан спорт шебері Мөлдір Сатжанова.
Ол спортшының физикалық дайындығымен қатар, рухани беріктігіне, психологиялық тұрақтылығына, жарыс кезіндегі тактикалық ойлауына ерекше көңіл бөлген білікті маман.
Чемпион анықталған сәтте бапкердің де толқынысы ерекше болды.
– Бүгін бұл қуанышты сәтте көзіме жас алдым. Бұл жеңіс — менің сан жылғы арманым еді. Ерке қызым сол арманымды орындады, – деді Мөлдір Болатқызы тебіреніспен. Бұл сөздер — бапкер жүрегіндегі үміттің, сенімнің және сан жылдық еңбектің шынайы көрінісі.Еркежанның спорт жолына түсу тарихы да ерекше. Күрес залына келгеніне небәрі 3 жыл ғана болған.
Алғашында ағалары Ұлан мен Мағжан екі қарындасын өздерін қорғай білуді үйренсін деп ертіп апарған. Алайда уақыт өте келе қарапайым қорғаныс үлкен қызығушылыққа, ал қызығушылық өмірлік мақсатқа айналды.
Осылайша, Еркежан күресті жүрек қалауымен таңдады. Бұл әулет үшін күрес — жай спорт емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өмір салты. Марқұм атасы Боранбай Наукенов, әкесі Аманқазы Наукенов — самбодан спорт шеберлері.
Ағалары Ұлан мен Мағжан — спорт шеберлігіне үміткерлер. Сіңілісі Айсұлу да қолы бос уақытында боз кілемнен табылады, ол да спорт шеберлігіне үміткер.
Ал осы бір спортқа бай шаңырақтың берекесін келтіріп, балаларын бір арнаға тоғыстырып отырған аналары Үміткүл Еркінқызы — ұлағатты ұстаз, парасатымен де, тәрбиесімен де отбасының темірқазығы болып отыр.
Бұл — қазақ отбасындағы тәрбие мен бірліктің жеңіске қалай айналатынының айқын мысалы.
Еркежан тек күрес үстінде ғана емес, өмірде де үлгілі. Сабақта озат, белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сонымен қатар вокал класын тәмамдап, ән салатын өнерлі қыз. Ол — жан-жақты дамыған, рухани бай, бүгінгі қазақ қызының нағыз бейнесі.
Облыс көлемінде бірнеше дүркін чемпион, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атануы оның тек әлеуетінің ғана емес, еңбекқорлығының да жемісі. Еркежан Наукенованың бүгінгі жеңісі қазақ қыздарының нәзік бола тұра, қажет кезде болаттай берік, қайсар, ел намысын қорғауда ешкімнен кем еместігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақстан чемпионы атағы — үлкен жолдың бастауы ғана. Алда Азия мен әлемдік ареналар, жаңа белестер тұр. Бұл — Жәйремнің абыройы, бұл — қазақ қыздарының рухы, бұл — Қазақстанның мерейі. Жеңіс құтты болсын, Еркежан! Қаныңдағы қайрат, жүрегіңдегі жеңіс туыңды әрдайым биікте желбірете бер!
Теректі ШАҒАТАЙ.
