23 сәуір — Халықаралық кітап және кітапханашылар күніне орай Қаражал қалалық орталық кітапханасында айтулы мерекелік іс-шара өтті. Мереке аясында жастар үшін тағылымы мол, мазмұны терең «Сырлы сұхбат» кеші ұйымдастырылды.
Рухани кештің төрінен орын алған басты мейман — қаламы қарымды ақын, сазгер, өңіріміздің мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген тұлға, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Жарқынбай Жетімек ағамыз болды.
Кездесуге тау-кен техникалық колледжінің студенттері қатысып, ақынмен тікелей жүздесу бақытына ие болды.
Кеш ресми баяндама шеңберінен шығып, еркін әрі шынайы форматта өрбіді.
Студенттер ақынның шығармашылық жолы, алғашқы өлеңдері мен шабыт көздері туралы көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Жарқынбай ағамыз әрбір сұраққа кеңінен тоқталып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Сұхбат барысында ақынның жүрекжарды туындылары оқылды. Автордың өз аузынан шыққан жалынды жырлар тыңдарманның делебесін қоздырып, жастардың әдебиетке деген құштарлығын қайта оятқандай болды.
Жастар ақынның шығармашылығынан шабыт алып, өз ойларын ортаға салды.
Ағамыздың терең пайымдары мен ғибратты сөздері өскелең ұрпақтың өнерге деген көзқарасын өзгертіп, шығармашылыққа деген ынтасын арттырды.
Мұндай кездесулер жас буынның өзін-өзі дамытуына көмектесіп, жаңа идеяларға жол ашады.
Кеш соңында кітапхана ұжымы мен студенттер Жарқынбай Жетімек ағамызға ыстық ілтипаттарын білдіріп, естелік суретке түсті.
Мұндай мазмұнды кештер жастардың рухани темірқазығын қалыптастырып, кітапқа деген махаббатын нығайтатыны сөзсіз.
Бұл кештің бір ерекшелігі — кітапхананың шығармашылық ортаға айналып, әдебиетке деген қызығушылықты оятуы.
Қазіргі заманда кітапханашылар тек кітап сақтаушы ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен білімнің тұғырлары, жастардың ой-санасын қалыптастыратын жетекшілері екені анық.
Осындай іс-шаралар кітапханалардың тек білім беру орны емес, рухани тәрбие беретін орталық екенін дәлелдейді.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
