«Абай кеңістігі» – маңызды жоба

Жәйрем кентіндегі №10 жалпы білім беретін мектебінде руханият пен білімге серпін берген тағылымды мәдени-ағартушылық шара өтті.

Мектеп қабырғасында «Абай кеңістігі» атты оқырман және рухани даму алаңының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Бұл бастама өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды, жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға ықпал етуді және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздеген маңызды жоба.

Салтанатты шараға Ұлытау облысы білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Сымбат Алтынбекова, Қаражал қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің маманы Алтын Тажитова, Жезқазған қаласы, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал қаласының мектеп директорлары, әдіскерлер, ұстаздар, оқушылар, сондай-ақ Жәйрем кентінің қоғам белсенділері қатысты.

Іс-шараны жүргізген жас көшбасшылар Айсұлу Наукенова мен Нұрәлі Құлтай қатысушыларды жаңа білім мен руханият ордасының ашылуымен құттықтап, «Абай кеңістігінің» мәні мен маңызына тоқталды.

Олардың айтуынша, бұл кеңістік — тек кітап оқуға арналған орын емес, оқушылардың ойлануына, ізденуіне, пікір алмасуына және өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беретін ерекше орта.

«Абай кеңістігінің» авторы әрі бастамашысы — мектеп президенті Айсұлу Наукенова. Ол бұл жобаның негізгі мақсаты оқушыларды кітап оқуға баулу, олардың рухани және зияткерлік дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.

Айсұлудың айтуынша, қазіргі заманда жастардың көп уақыты әлеуметтік желіде өтетіні жасырын емес. Сондықтан пайдалы әрі шабыт беретін тыныш орта құру қажеттілігі туындаған.

Осы игі бастаманы жүзеге асыруда оның отбасынан бастап, жанашыр азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың қолдауы ерекше болған. Атап айтқанда, «Дәулеттен» қорының төрағасы Қуандық Жасұлан, Қазақстан студенттер альянсы және оның төрағасы Наукен Ұлан арнайы кітаптар жолдап, жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыруға өз үлестерін қосты.

Кеңістіктің «Абай» деп аталуы да кездейсоқ емес. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы білім мен ғылымды, адамгершілік пен парасаттылықты насихаттаған тұлға. Оның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті бүгінгі жастар үшін де өзекті.

Осы рухани бағытты негізге алған «Абай кеңістігі» әрбір оқушыға жаңа ой мен жаңа шабыт сыйлауды мақсат етеді.

Алаңда жайлы орындықтар қойылып, кез келген оқырман өзіне ұнаған кітапты еркін оқи алады. Сонымен қатар мұнда буккроссинг жүйесі жұмыс істейді. Яғни оқушылар өз кітаптарын әкеліп, басқалармен бөлісіп, оның орнына жаңа кітап алып оқуға мүмкіндік алады.

Қазақы нақышта безендірілген арнайы бұрышта ұлттық рухты сезініп, дәстүрлі атмосферада кітап оқуға немесе еркін әңгіме-дүкен құруға жағдай жасалған.

Шара барысында «Көшбасшы жолы: мектептен үлкен өмірге» тақырыбында панельдік сессия ұйымдастырылды.

Бұл сессияға өз саласында жетістікке жетіп, жастарға үлгі болып жүрген азаматтар шақырылды. Олардың қатарында Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков пен «Жәйрем спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, дзюдодан жаттықтырушы, Қаражал қаласының Жастар ресурстық орталығының Жәйрем кентіндегі бөлімшесінің төрайымы Мөлдір Сатжанова болды.

Панельдік сессия барысында Мөлдір Сатжанова жастарға арнаған жылы пікірін білдіріп, көшбасшылықтың мәніне кеңінен тоқталды.

– Көшбасшы болу — тек лауазым иесі болу емес. Бұл — үлкен жауапкершілік пен халыққа қызмет ету. Жастар ең алдымен өзіне сеніп, еңбекқорлық пен табандылықты бойына сіңіруі керек. Спортта да, өмірде де нәтиже тек тәртіп пен еңбек арқылы келеді. Ең бастысы — уақытты тиімді пайдаланып, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілікті қатар алып жүру, – деді ол.

Өз кезектерінде сөз алған спикерлер көшбасшылықтың мәні, мақсат қою, қоғамға пайдалы болу, елге қызмет етудің маңызы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.

Панельдік сессия сұрақ-жауап форматында жалғасып, сегіз мектептен келген жас көшбасшылар көкейдегі сұрақтарын қойып, құнды кеңестер алды.

Іс-шара соңында Айсұлу Наукенова спикерлер мен жас көшбасшыларға алғыс білдіріп, шағын естелік сыйлықтар табыстады.

Қорытынды сөзінде жүргізушілер Абай атамыздың керемет өсиеттерін еске салып, жастарды алған шабытты нақты іс-әрекетке айналдыруға шақырды.

«Абай кеңістігінің» ашылуы — мектеп өміріндегі ғана емес, бүкіл ауыл үшін маңызды рухани жаңалық. Бұл игі бастама жас ұрпақты білімге, кітапқа жақындатып, олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға әрі ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге зор мүмкіндік беретіні анық.

Жас болса да бас болып, осындай тағылымды идеяны жүзеге асырған №10 мектептің президенті Айсұлу Наукеноваға және осы шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық жанашыр азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз.

Теректі ШАҒАТАЙ.