Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі – тәртіп пен заңға деген құрмет. Әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі қоғамдық тәртіптің нығаюына тікелей әсер етеді. Сондықтан азаматтық белсенділікті арттыру және заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Қоғамдық тәртіп тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Ол – әрбір азаматтың күнделікті өмірдегі жауапкершілігінің көрінісі. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, өзгелердің құқықтарын құрметтеу – тәртіптің негізгі қағидалары. Осы қағидаларды ұстанған қоғамда тұрақтылық пен өзара сенім қалыптасады.
Азаматтық белсенділік – қоғам дамуының маңызды тетігі. Белсенді азаматтар қоғамдық өмірге араласып, түрлі бастамаларды қолдап, ортақ мәселелерді шешуге үлес қосады. Сенбіліктерге қатысу, қоғамдық кеңестер жұмысына араласу, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына атсалысу – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше. Жастардың заңға деген құрметін арттыру, құқықтық сауаттылығын дамыту мақсатында түрлі кездесулер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі цифрлық дәуірде азаматтық белсенділік жаңа форматта көрініс табуда. Әлеуметтік желілер арқылы қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, қоғамдық пікір қалыптасады. Бұл ашықтық пен жариялылықтың артуына ықпал етеді. Сонымен қатар, ақпарат тарату барысында заң талаптарын сақтау және жауапкершілікті ұмытпау қажеттілігі артып отыр.
