Қазіргі таңдағы жаһандану үдерісі мен ақпараттық кеңістіктің кеңеюі қоғам алдына жаңа сын-тегеуріндер қойып отыр. Осы ретте, ұлттық қауіпсіздіктің іргетасы саналатын идеологиялық тұрақтылық пен діни сауаттылықты қалыптастыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Осы орайда, Қаражал қаласында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мүшесі, танымал исламтанушы Елдос Жұмаділдәмен «Рухани тұтастық – ел бірлігінің негізі» тақырыбында ауқымды семинар өтті.
Кездесудің басты мақсаты – жергілікті тұрғындарға дәстүрлі ислам құндылықтарын тереңірек түсіндіру, жат ағымдардың деструктивті идеологиясынан сақтандыру және қоғамдағы бірлікті нығайту.
Елдос Қуандықұлы өз баяндамасында ислам дінінің қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрімен, мәдениетімен тығыз байланыста екенін атап өтті. Дініміз ешқашан бөлінуге, алауыздыққа шақырмайды, керісінше, бейбітшілікке, ізгілікке және отансүйгіштікке үндейді. Сондықтан, діни танымда дәстүр мен дін сабақтастығын сақтау – рухани иммунитетімізді қалыптастырудың басты шарты.
Семинар барысында қоғамның өзегі саналатын жастардың тәрбиесіне ерекше назар аударылды. Дін маманы бүгінгі жастардың дүниетанымын қалыптастыруда отбасылық құндылықтардың рөлі орасан зор екенін баса айтты. Дінтанушы бала тәрбиесі тек білім берумен шектелмейтінін, оның бойына ұлттық қасиеттерді, мейірім мен ізгілікті сіңіру арқылы жүзеге асатынын алға тартты.
– Ата-ананы сыйлау, олардың алдындағы парызды өтеу – әрбір мұсылманның міндеті. Ата-анасының ақ батасын алған ұрпақтың жолы ашық, өмірі берекелі болады, – деді Елдос Қуандықұлы.
Ол жастарды ата-ананы қадірлеу арқылы екі дүниелік бақытқа жетуге шақырды. Сонымен қатар, ақпараттық сауаттылық – жастарды жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтайтын басты қорған екенін баса айтты.
Семинар ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, діни мәселелер бойынша нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер – азаматтардың діни сауатын ашып қана қоймай, қоғамдағы өзара сыйластық пен ынтымақты нығайтады.
Рухани тұтастығы мен отбасылық құндылықтары берік, ұрпағы тәрбиелі елдің болашағы әрдайым жарқын болмақ. Қаражал қаласында өткен бұл шара өңірдегі идеологиялық тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
