Қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көркейтіп-көгалдандыру – бүгінгі күннің ең өзекті бағыттарының бірі. Осы игі мақсат жолында Жәйрем кентінде ауқымды әрі маңызы зор экологиялық акция жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, «Жәйрем марганеці» акционерлік қоғамы кент аумағын жасыл желекке бөлеу мақсатында 500 дана пирамидалы терек көшетін сатып алып, ел игілігіне табыстады.
Аталған бастама – кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілік аясында атқарып отырған нақты әрі нәтижелі жұмыстарының бір көрінісі. Табиғатты аялау, тұрғындарға қолайлы әрі салауатты орта қалыптастыруға бағытталған бұл игі іске жергілікті қауымдастық та белсенді түрде үн қосты.
Берілген 500 тал көшеттің 300 данасы кенттегі бюджеттік мекемелерге үлестірілді. Атап айтқанда, мектеп, балабақша және аурухана аумақтарына жеткізілген теректер білім мен денсаулық ошақтарының айналасын көркейтіп, болашақта таза ауа мен көлеңке сыйлайтын жасыл белдеуге айналмақ.
Ал қалған 200 тал пирамидалы терек Жәйрем кентінің жасыл аймақтарына отырғызылып, елді мекеннің экологиялық келбетін жақсартуға бағытталды.
Ағаш отырғызу жұмыстары бірлескен еңбек пен ауызбіршіліктің жарқын үлгісі болды. Көшет отырғызу шарасына Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Марлан Шамбулов белсене қатысып, бастамаға қолдау білдірді.
Сонымен қатар, «Жәйрем Болашақ» ұйымы, спорт клуб өкілдері, мәдени-сауық орталығының қызметкерлері, кент әкімдігі, белсенді жастар, сондай-ақ мердігер мекемелер де игі іске өз үлестерін қосты.
Шара барысында әрбір көшет талапқа сай отырғызылып, түбіне су құйылып, күтім жасау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл – отырғызылған талдардың тез тамыр алып, жақсы өсіп кетуіне мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі.
Осындай ұйымшылдық пен ортақ жауапкершіліктің арқасында бір күннің ішінде қомақты жұмыс атқарылды. Пирамидалы терек – өсіп-жетілуі тез, ауаны тазартып, шаң-тозаңды ұстайтын, елді мекендер үшін аса қолайлы ағаш түрі.
Алдағы жылдары бұл көшеттер бой түзеп, Жәйремнің көшелері мен демалыс аймақтарына сән беріп қана қоймай, экологиялық ахуалдың жақсаруына да оң әсерін тигізетін болады.
Жалпы, мұндай акциялар тұрғындардың табиғатқа жанашырлығын арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз. Әсіресе, жастардың аталған шараға белсенді қатысуы – экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
«Жәйрем Марганеці» АҚ бастаған бұл игі іс – жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар және тұрғындар арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Кент аумағын көгалдандыру бағытындағы мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.
Жасыл желек – елдің тынысы, болашақтың кепілі. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығын берік ұстанған жәйремдіктердің бұл бастамасы туған өлкені көркейту жолындағы нақты әрі маңызды қадам болып қала бермек.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
