Наурыз мейрамымен тұспатұс келген қасиетті Ораза айт қарсаңында қалалық Аналар кеңесі мен Ардагерлер кеңесі игі бастама көтеріп, ақ жаулықты әжелерімізбен бірге мазмұнды әрі тағылымы терең шара ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, салтдәстүрімізді дәріптеуді мақсат еткен бұл тағылымды іс-шара қала өміріне ерекше рухани серпін берді.
Шара аясында ұйымдастырушылар қаладағы мемлекеттік мекемелерді аралап, қала басшылары мен қоғамның құрметті азаматтарын қос мерекемен құттықтады. Ізгі ниет пен ақ тілектерге толы бұл жүздесулер елдік бірлік пен ұрпақтар сабақтастығын айқындай түсті.
Мерекелік көңіл-күйді еселей түскен сәттердің бірі – домбыра мен баянның сүйемелдеуімен шырқалған қазақтың халық әндері болды. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән тыңдаушыларға ерекше әсер сыйлап, ұлттық өнердің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сонымен қатар, ежелден келе жатқан жарапазан айту дәстүрі жаңғырып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй мен рухани ләззат сыйлады.
Ақ жаулықты әжелеріміздің өнегелі қатысуы шараның мазмұнын байытып, мәнін тереңдете түсті. Олардың әрбір қадамы мен тағылымды сөздері кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған салт-дәстүрдің қадірін арттыра түсті.
Мерекенің көркін қыздырған тағы бір ерекшелік – ұлттық дастарқанның молшылығын танытқан ақ дәмдер болды. Әжелеріміз өз қолдарымен дайындаған шелпек пен бауырсақты табақтарға салып, жиналған қауымға ұсынды. Айттың ақ дәмінен ауыз тиген көпшілік мерекенің шынайы рухын сезініп, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.
Бұл тағылымды шара – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын үлгісі болды. Қос мерекенің тоғысуы арқылы ұйымдастырылған бұл игі бастама қала тұрғындарының жүрегіне жылулық ұялатты. Осындай рухани бай, тәрбиелік мәні зор шаралар ұлт ұстанымын нығайтып, ел бірлігін бекемдей түсетіні сөзсіз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
