Жас мемлекеттік қызметші: мінезден басталатын миссия

Мемлекеттік қызмет – мәртебе емес, міндет. Ол мансаптың баспалдағы ғана емес, мінездің биігі. Қоғам кейде жүйені ғимаратпен, құрылыммен өлшейді. Бірақ, мемлекет – механизм емес, мінез. Ал мінез – жеке тұлғаның ішкі тәртібі мен ішкі тазалығынан басталады.

Бүгінгі жас мемлекеттік қызметші – жай ғана жаңа кадр емес, жаңарудың жүрегі. Жас буын – өзгерістің жалауы емес, жауапкершіліктің жүгін арқалаушы буын. Жауапкершілік – жүктеме емес, жігердің жаны. Ол лауазыммен келмейді, ол таңдаумен келеді. Күн сайын әділдікті таңдау – үлкен ұстаным. Күн сайын тазалықты таңдау нағыз табандылық. Таңдау – тұлғаны қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет табалдырығын аттаған жас маман ең алдымен өз тағдырын емес, талай тағдырға әсер ететін шешімдер алаңына қадам басады. Сондықтан, тазалық – тек жеке қасиет емес, тұтас жүйенің тұғыры.

Адалдық – ардың айнасы. Ар – аппараттан жоғары тұратын ұстаным. Адал шешім аз сөзден, анық ұстанымнан туады. Мемлекеттік қызметте ар-ұят – абстракция емес, әр құжаттың, әр қолтаңбаның артындағы жауап. Себебі, билік – ардың сынағы. Бұл ойды әлемдік тәжірибе де дәлелдейді.

Ұлт зиялылары да осы ұстанымды айқын көрсетті. Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген еді. Ахмет Байтұрсынұлы халыққа қызметтің негізі білімде ғана емес, жауапты рухта екенін ескертті. Демек, кәсібилік – қабілеттен, ал елдік – мінезден.

Жүйе жай сөзбен жаңармайды. Жаңғыру жарлықпен емес, жеке жауапкершілікпен басталады. Егер әр жас қызметші өз орнында әділ болса – әділет ұғымы институтқа айналады. Егер сенім салмақпен өлшенсе – мемлекетке деген құрмет күшейеді.

Сондықтан, бүгінгі жас буынға қойылар талап айқын: талапты болу, таза болу, табанды болу. Жауапты болу, жігерлі болу, жаңашыл болу. Адал болу, арлы болу, азамат болу.

Мемлекеттік қызметтің болашағы бағдарламаларда емес, буында. Ал сол буынның болмысы – мінезінде. Минуттық мүддеден биік тұрған миссия ғана мемлекетті мықты етеді. Жас мемлекеттік қызметші өз тағдырын таңдаумен қатар, тұтас қоғамның траекториясына ықпал ететінін сезінгенде ғана нағыз елдік басталады.

 Ерлан ЕРМАХАНБЕТОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департамент басшысы,

 Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.