Жәйрем комбинатына – 50 жыл

Бірінші сәуірде Ұлытау облысындағы Жәйрем кен байыту комбинаты өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтуде. Жарты ғасырлық тарихы бар кәсіпорын бүгінгі таңда «Казцинк» компаниясының металлургия заводтарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. ЖКБК компания құрамына 2014 жылы енген.

Бүгінде комбинатта тәулігіне 10–15 мың тонна полиметалл кені өндіріледі. Ал кәсіпорынның жылдық жобалық қуаты 5 миллион тоннаға дейін жетеді.

2021 жылы мұнда жаңа полиметалл байыту фабрикасы іске қосылды. Оның жұмысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі бастап берді. Полиметалл байыту фабрикасы заманауи жабдықтармен жарақтандырылған: 183 флотациялық машина ықшам өлшемдері мен механикалық араластырғышсыз-ақ жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді, ал 42 таспалы конвейер фабрика ішіндегі кен өнімін тасымалдауға арналған.

Өндіріс үдерісі бірнеше кезеңнен тұрады: кен үш сатыда ұсақталып, бес кезең бойынша жуылып, байытудың үш әдісінен өтеді. Одан кейін араластырылып, кептіруге жіберіледі.

Мұнда ТМД аумағындағы ұзындығы екі шақырымнан асатын бірегей магистральдық конвейер орнатылған. Ол ірі ұсақтау корпусын конвейерлік қайта тиеу ғимаратымен байланыстырады. Орташа ұсақтау корпусының биіктігі 47,2 метрді құрайды, бұл Париждегі Триумф аркасының биіктігімен шамалас.

Карьерде Қазақстандағы ең заманауи әрі қуатты өздігінен жүретін техникалар пайдаланылады. Атап айтқанда, шөмішінің сыйымдылығы 15–17 м3 болатын гидравликалық экскаваторлар мен жүккөтерімділігі 140 тоннаға жететін алып өзiтүсiргiштер жұмыс істейді.

ЖКБК-да 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кенттегі әрбір үшінші тұрғын осы жерде жұмыс істейді. Комбинат медицина, спорт, мәдениет және әлеуметтік саланы қолдау арқылы елдімекеннің өміріне белсене қатысып келеді.

Өз тілшімізден.