Цифрлық технологиялар арқылы жас ұрпақты даярлау: Келешек мектептері мен AI бағдарламалары

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауы – елдің білім беру жүйесіне тың серпін берген стратегиялық құжат. Бұл Жолдауда жас ұрпақты жаңа заман талаптарына сай даярлау, әсіресе, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізу мәселесі ерекше назарға алынды.

Бүгінгі таңда әлем қарқынды түрде цифрлану кезеңіне қадам басты. Мұндай жағдайда дәстүрлі білім беру тәсілдері заман талабына толық жауап бере алмайды. Сондықтан, «келешек мектептері» ұғымы алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл – тек білім беретін орын ғана емес, оқушылардың шығармашылық, сыни ойлау және цифрлық дағдыларын дамытатын инновациялық орта. Келешек мектептерінің басты ерекшелігі – білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу. AI жүйелері оқушының білім деңгейін жеке талдап, соған сәйкес оқу бағдарламасын бейімдей алады. Бұл әрбір баланың қабілетін толық ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, виртуалды зертханалар, онлайн платформалар және интерактивті құралдар оқу сапасын жаңа деңгейге көтереді.

Президент Жолдауында цифрлық сауаттылықты арттыру – ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық дамудың негізгі факторларының бірі екені атап өтілді. Осыған байланысты мектептерде бағдарламалау, робототехника, деректерді талдау сияқты пәндерді ерте жастан оқыту маңызды. Бұл бағытта елімізде бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді, алайда, оларды кеңейту – уақыт талабы. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесі де өзекті. Цифрлық технологияларды тиімді пайдалану үшін педагогтар жаңа дағдыларды меңгеруі тиіс. Бұл – тек техникалық білім ғана емес, сонымен қатар, оқыту әдістемесін жаңарту деген сөз. Мұғалім – өзгерістің негізгі қозғаушы күші.

Жасанды интеллект тек білім беру саласында ғана емес, жалпы қоғамның барлық саласында кеңінен қолданылуда. Сондықтан, мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға AI-дың мүмкіндіктері мен қауіптері туралы дұрыс түсінік беру маңызды. Бұл олардың саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Осыған орай, қала мектептерінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде жақында өткен информатика және математика пәндерінің айлығы – соның айқын дәлелі. Айлық барысында оқушылардың білімін тереңдету, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту және цифрлық сауаттылықтарын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, математика пәні бойынша «Логикалық есептер әлемі», «Зияткерлік сайыс», «Жас математик» атты байқаулар өткізілді. Бұл шаралар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Ал информатика пәні аясында «Бағдарламалау негіздері», «Робототехника әлемі», «IT-болашақ» тақырыптарында ашық сабақтар мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Оқушылар заманауи технологиялармен жұмыс істеп, алғашқы бағдарламаларын құрып, түрлі цифрлық жобаларды қорғады. «Цифрлық күн» аясында оқушылар жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, шағын жобалар дайындады. Сонымен қатар, «Математикалық марафон» өткізіліп, оқушылар арасында жылдамдық пен дәлдікке негізделген есептер шешу сайысы өтті. Бұл шара оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Мектеп мұғалімдері де белсенділік танытып, өзара тәжірибе алмасты. Ашық сабақтар көрсетіліп, цифрлық платформаларды тиімді пайдалану жолдары талқыланды. Әсіресе, онлайн тестілеу, интерактивті тапсырмалар және білімді бағалаудың жаңа әдістері кеңінен қолданылды.

Президент Жолдауында айтылғандай, цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектті меңгеру – болашақтың кілті. Осы бағытта қала мектептерінде атқарылып жатқан жұмыстар – соның нақты көрінісі. Қорытындылай келе, Президент Жолдауы – Қазақстанның болашақ дамуының айқын бағытын көрсететін маңызды құжат. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті білім беру жүйесіне тиімді енгізу – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың басты шарты. Жас ұрпаққа сапалы білім беру арқылы біз елдің тұрақты дамуына берік негіз қалаймыз.

 Жұмакүл АХМЕТОВА,

 № 1 Тірек мектебінің директоры.