Қаражал қаласының әкімдігінде қалалық мекеме басшыларының қатысуымен маңызды штаб отырысы өтті. Жиынның негізгі тақырыбы – еліміз бойынша кеңінен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы болды. Аталған бастама қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Штаб отырысына қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде «Таза Қазақстан» акциясы тек сенбіліктермен шектелмей, тұрақты түрде жүргізілуі тиіс жүйелі жұмыс екенін атап өтті. Қала тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық мекемелер мен әрбір тұрғынның ортақ міндеті екені айтылды.
Жиын барысында қала аумағындағы санитарлық жағдай, абаттандыру жұмыстары, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, мекеме басшыларына өздеріне қарасты аумақтарды тұрақты түрде тазалап, көгалдандыру және көркейту жұмыстарын күшейту тапсырылды. Әсіресе, бей-берекет қоқыс орындарын жою, аулалар мен саябақтарды ретке келтіру, тұрғындарды экологиялық акцияларға тарту мәселелері көтерілді.
Аманқазы Наукенов барлық мекемелерді «Таза Қазақстан» акциясына біркісідей жұмылып, белсенді қатысуға шақырды. Оның айтуынша, бұл бастама – тек тазалық сақтау емес, сонымен қатар, қоғамда жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолы. Әрбір ұжым өзінен бастап, үлгі көрсеткен жағдайда ғана қалада оң өзгерістерге қол жеткізуге болады.
Штаб отырысының қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын бақылау күшейтілетіні айтылды. Алдағы уақытта қала көлемінде ауқымды сенбіліктер, экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенділігі арттырылады деп жоспарлануда.
«Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің көркеюіне, табиғаттың сақталуына бағытталған маңызды бастама. Қаражал қаласының тұрғындары мен мекемелері бұл игі іске біркісідей атсалысып, туған жердің тазалығы мен көркіне үлес қосады деген сенім мол.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
