Қасиетті Рамазан айы – мұсылман қауымы үшін мейірім мен кешірімге толы, рухани тазару мен сауапқа кенелетін ерекше кезең. Осы орайда Қаражал қаласындағы Нұр мешіті әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан» атты тағылымды рухани кеш өтті. Иман мен ізгілікке үндеген бұл шараға қала тұрғындары мен жамағат белсене қатысып, ерекше әсер алды.
Кеш шымылдығы қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылды. Құранды мешіт ұстазы Тілеухан ұстаз оқып, жиналған жамағатқа рухани әсер сыйлады. Іс-шараны жүргізуші Жанерке Дәулетбаева барша көрермендерді қасиетті аймен құттықтап, Рамазан айының маңызы мен берекесі жайында тағылымды ойларымен бөлісті.
Рухани кештің ресми ашылуында сөз алған қалалық мешіт имамы Талғат Дүсенбайұлы жамағатты қасиетті аймен құттықтап, Рамазанның адам баласын сабыр мен мейірімге тәрбиелейтін ай екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол мұсылман қауымын сауапты істерге ұмтылып, бірлік пен ізгілікке шақырды.
Шара барысында қазақтың көне дәстүрлерінің бірі – жарапазан айтылып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Жарапазаншылар қасиетті айдың қадірін жырға қосып, көпшілікке ізгі тілектерін жеткізді. Бұл дәстүрдің негізгі мақсаты – ел арасында Рамазан айының қадір-қасиетін дәріптеп, адамдарды имандылыққа, береке мен бірлікке шақыру екені айтылды. Жарапазан соңында Ғайша апа жамағатқа бата беріп, игі тілектер айтты.
Кештің мәдени бағдарламасы да ерекше мазмұнға ие болды. Балалар өнер мектебінің шәкірттері қазақтың ұлттық өнерін паш етіп, күй орындады. Сонымен қатар, аталмыш өнер мектебінің «Асылай» би тобы «Кербез сұлу» биін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кеш барысында Айжұлдыз Хамитжанның орындауындағы әсерлі ән де жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Рухани кештің маңызды сәттерінің бірі – Құран үйреніп жүрген шәкірттерге тәж кигізу рәсімі болды. Мақпал Ғайдарқызы жетекшілік ететін шәкірттерге салтанатты түрде тәж кигізіліп, олардың Құран үйренудегі еңбегі атап өтілді. Тәж киген қыздарды айта кетсек, Қайша Абсадирова, Әсем Бекболатова, Шырайлым Болатбекова, Жанерке Дәулетбаева, Гүлмира Кеңесова, Айзат Бакен, Гүлдана Қағанақова, Аиша Ермекбай және Фариза Ерғұлан болды. Бұл рәсім жас буынды қасиетті кітапты үйренуге ынталандырып, рухани тәрбиенің маңызын айқындай түсті.
Кеш барысында көрермендерге арналған викториналық сұрақтар қойылып, Рамазан айының ерекшеліктері мен ислам дініне қатысты білімдерін тексеруге мүмкіндік берілді. Қатысушылар белсенділік танытып, дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Мұндай танымдық бөлім көрермендердің қызығушылығын арттырып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Шара соңында жамағат қыздарының орындауында «Біздің Рамазан» атты хор шырқалып, кештің көркін аша түсті. Әсерлі ән көрермендерге рухани әсер сыйлап, қасиетті айдың қадірін тағы бір мәрте сезіндірді.
Аталған рухани кештің өтуіне Қаражал қаласының әкімдігі мен Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі қолдау көрсетіп, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.
Игі шараның басты мақсаты – жамағаттың иманын күшейтіп, Рамазан айының рухани құндылықтарын кеңінен насихаттау. Кеш соңында ұйымдастырушылар келген қонақтарға алғыс білдіріп, барша мұсылман қауымына береке мен амандық тіледі.
Расында, Рамазан – жүректерді жұмсартып, адамдарды мейірім мен қайырымдылыққа бастайтын қасиетті ай. Осындай рухани кештер жамағаттың бірлігін нығайтып, жастардың имандылық жолында тәрбиеленуіне үлкен үлес қосары сөзсіз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
