14 наурыз күні қаламызда кәсіпкерлерден құралған «Мерейлі жандар» қауымдастығының бастамасымен Амал мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен ұйым бұл жолы да елді бірлік пен ізгілікке үндейтін тағылымды шара ұйымдастырып, көпшіліктің алғысына бөленді.
Амал – қазақ халқы үшін қыстан аман шығып, бір-бірімен көрісіп, амандық-саулық тілейтін ерекше күн. Осы дәстүрді жаңғыртуды көздеген «Мерейлі жандар» ұжымы мерекені мазмұнды әрі есте қаларлықтай етіп өткізді. Іс-шара қаламыздың қақ ортасындағы «Тұран» мейрамханасында ұйымдастырылып, оған қала әкімі бастаған мемлекеттік қызметшілер, түрлі сала басшылары, Аналар кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлер мен қалатұрғындары кеңінен қатысты.
Кештің басты ерекшелігі – ұлттық нақыштағы дресс-код болды. Қазақы киім киген қонақтар мерекенің сәнін келтіріп қана қоймай, ата-баба дәстүріне деген құрметтің айқын көрінісін танытты. Шара барысында ұлттық ойындар ойнатылып, қазақтың ән-жырлары шырқалып, жарапазан айтылды. Бұл – жас ұрпаққа рухани тәрбие берудің, ұлттық болмысты жаңғыртудың жарқын үлгісі болды.
«Мерейлі жандар» ұйымдастырған кеште көңілді бағдарламамен қатар, түрлі сыйлықтар да ұсынылды. Лоторея арқылы 15 сертификат ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, «Дара» бренді атынан «Амал мерекесі құтты болсын!» деген жазуы бар 30 жастық таратылып, кітаптардың сыйға берілуі кештің мазмұнын байыта түсті.
Мерекелік кештің ажарын ашқан – қаламыздың өнерпаздары. Қарлығаш Қалмағамбетова бастаған әншілер әуелете ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал «Дейлис» және «Дара-шоу» топтарының бишілері мың бұрала билеп, кештің шырайын кіргізді.
Сағат 16.00-де басталған концерттік бағдарлама ауызашар уақытына дейін жалғасып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Одан кейін берілген ауызашар жұртшылықты дастархан басына жинап, мерекенің мәнін тереңдете түсті.
Кеш барысында қала әкімі Айқын Елеусізов сөз сөйлеп, жиналған қауымды Амал мерекесімен құттықтады. Ал қаланың Құрметті азаматы Әйкен ақсақал ақ батасын беріп, елге игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Жәйрем кентінен арнайы келген қадірлі қонақтар да қазақы дәстүрмен қонақкәде ұсынып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Жалпы, «Мерейлі жандар» қауымдастығының жоғары деңгейде ұйымдастырған бұл шара ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтқан маңызды мәдени оқиға болды. Осындай мазмұнды мерекелер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
