Енді 15 наурыз ресми түрде Конституция күні ретінде аталып өтпек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазмедиа орталығы студиясында өткен кездесуде мәлімдеді. Жиынға жаңа Конституцияны қолдау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жүрген жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Конституцияның ел өміріндегі айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның негізгі заңы – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін, мемлекеттің тұрақты дамуына негіз болатын басты құжат. Президент жаңа Конституцияны әлемдегі ең прогрессивті конституциялардың бірі ретінде бағалап, оның заманауи талаптарға толық жауап беретінін жеткізді.
15 наурызды Конституция күні ретінде белгілеу – ел тарихындағы маңызды қадам. Бұл бастама қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтардың заңға деген құрметін нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл күн әрбір қазақстандықтың ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын ерекше мерекесіне айналмақ.
БЕС ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАНАДЫ
Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына қол қою рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Президентпен қатар Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция аясында Парламентке бес Конституциялық заң жобасы енгізілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, Президент туралы, Құрылтай жөнінде, Халық кеңесі туралы, Астананың мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты заңдар әзірленбек.
Сонымен қатар, сегіз Конституциялық заңға және 60- тан астам қолданыстағы заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге өзгерістер енгізу қажеттігі атап өтілді. Президенттің айтуынша, құқықтық және саяси жаңғырту үдерісі жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін.
Сайлау және заң шығару процестері қатар жүргізіледі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жаңа парламент сессиясына дейін барлық қажетті заңнамалық базаны толық әзірлеуді тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
