Спорт – бірлікті нығайтады

Алғыс айту күні қарсаңында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері спорт кешенінде бас қосып, өнегелі дәстүрге айналған спорт мерекесін жоғары деңгейде өткізді. Кәсіподақ айына екі рет ұйымдастыратын бұл сайыстар өндіріс жұмыскерлері мен комбинат ардагерлерінің басын қосып, ортақ құндылықтарды – денсаулықты, ынтымақты және өзара құрметті дәріптейді. Биылғы бәсеке волейбол мен шахматтан өтті.

Жарыстың алғашқы бөлігі – шахмат. Бұл тартыста ардагерлер мен жұмыскерлер бөлек санаттарда бақ сынады. Күш емес, ойдың жылдамдығы мен дәлдігі шешетін бұл спортқа қызығушылар қатары соңғы жылдары айқын көбейіп келеді. Көптеген әуесқойлар үйде отырып-ақ ұялы телефон арқылы үнемі машықтанып, тәжірибесін арттыруда. Соның нәтижесі болар, биылғы турнирге қатысушылар саны да өскен.

Бірнеше сағатқа созылған зияткерлік дода қорытындысы төмендегідей болды. Ардагерлер арасында І орынды Анатолий Статкеевич, ІІ орынды Сейілбек Мұстафаев, ІІІ орынды Тұрсынмұрат Смаилов жеңіп алса, жұмыскерлер арасында І орын Дастан Мұқашевқа, ІІ орын Мұрат Ералиновке, ІІІ орын Әділет Тілегеновке бұйырды.

Келесі кезекте көрермен назарында ерлер арасындағы волейбол бәсекесі болды. Бұл жарысқа өндірісшілер ерекше ықыласпен, тыңғылықты дайындықпен келді. Волейболда жеңіске жету тек шапшаңдық пен қырағылықты ғана емес, жүйелі тактиканы, нақты өзара әрекеттесуді және шебер орындалған комбинацияларды талап етеді.

Қатысушылар осы талаптардың бәрін ойдағыдай меңгергенін көрсетті: өндірісшілердің үйлесімді қимылы, уақытылы блоктары мен бағытталған соққылары кәсіби ойын қарқынынан кем түскен жоқ.

Командалық есеп бойынша І орынды «Жәйрем» кенішінің командасы, ІІ орынды полиметалл байыту фабрикасының командасы, ІІІ орынды теміржол цехының командасы қанжығасына байлады.

Жарыс қорытындысында барлық жүлдегерлер ақшалай сыйақымен және мадақтамалармен марапатталды. Бұл – спортшылардың еңбегіне берілген әділ баға әрі келесі бәсекеге ынталандыратын назарлы қолдау.

Іс-шара соңында кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев қатысушыларға алғысын білдіріп, ұйым жұмысының негізгі бағытын атап өтті.

– Кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаты – ұйым мүшелерінің және өндірісші ардагерлердің бірлігін нығайтып, жұмыстан тыс уақытта да қарым-қатынасты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау. Алайда жарыс болғаннан кейін әр команда жеңіске жетуді қалайды. Біз бүгін ардагерлеріміз бен жұмыскерлеріміздің ойынын көріп, таңдай қақтық. Кіл мықтылар жиналған «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жұмысшыларының ынтымағы арта берсін! – деді төраға.

Бұл сөздер кештің мәнін айқындап, қатысушылардың бойында ортақ мақсатқа ұмтылыс пен бірлік рухын одан әрі бекемдей түсті.

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, ұжымдық рухты қалыптастыратын, буындар сабақтастығын нығайтатын қуатты құрал. Алғыс айту күні қарсаңында өткен бұл шара соның айқын дәлелі болды.

Бірлік бар жерде – тірлік бар. Өндірісіміз өркендеп, бірлігіміз ажырамасын!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.