Ақ халатына адал ару

Көктемнің жылы лебіндей күлімдеп жететін 8 наурыз – аналар мен арулардың мерекесі ғана емес, қоғамның әр саласында ерен еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың қадір-қасиетін айшықтайтын ерекше күн. Жәйремдей шағын ғана өлкеде өз ісіне берілген, кәсібіне адал, мейірімі мен білімін ел игілігіне арнап жүрген абзал жандардың бірі – Жания Қуанышева. Оның өмір жолы – адалдық пен ізгіліктің, табандылық пен талпыныстың, туған жерге деген махаббаттың жарқын көрінісі.

Жания Ермұратқызы 1994 жылы 1 қарашада Жәйрем кентінде дүниеге келді. Қазақи тәрбие мен қарапайымдылықты бойына сіңіріп өскен Жания жасынан-ақ білімге құштар, қоғамдық іске белсенді, жан-жақты шәкірт ретінде танылды. Алғашқы білімін туған жеріндегі №30 мектепте алып, 1–9 сыныпты осы жерде аяқтады.

Мектепте жүріп-ақ түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатысып, спортпен айналысып, өзін жан-жақты дамытқан қыз өзінің болашақта абзал дәрігер болуына негіз қалағандай еді. 2010 жылы ол білімін тереңдету мақсатында Қарағанды қаласындағы №81 мектеп-гимназиясына ауысып, 9–11 сыныпты үздік нәтижемен бітірді.

2012 жылғы ҰБТ-да ең жоғары балл жинауы – оның тек еңбекқорлығын ғана емес, үлкен мақсатқа сеніммен қадам басқанын айғақтады. Сол жылы Жания Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетіне оқуға түсіп, 2012–2017 жылдар аралығында жоғары медициналық білім алды. Кейін 2017–2019 жылдары интернатураны тәмамдап, терапевт-дәрігер атанды.

Университет қабырғасында жүргенде ол тек біліммен шектелмей, ғылыми конференцияларға, олимпиадалар мен байқауларға белсенді қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. «Салауатты тамақтану мен нутрициологияның болашағы», «Қазіргі кездегі микробиологиялық өзекті аспектілері», «Жұқпалы аурулар – бүгінгі күннің шындығы», «Клиникалық тәжірибедегі жоғары медициналық технологиялар» секілді халықаралық және республикалық конференцияларда алған марапаттары оның ғылымға деген қызығушылығы мен мамандығына деген жауапкершілігін дәлелдей түсті.

2019 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдаған Жания Ермұратқызы туған жеріне қайта оралу туралы шешім қабылдады. Бұл – жүректің қалауы, елге деген жанашырлық, жаны жақын жерге қызмет етуді мақсат еткен жүректің таңдауы еді.

2020 жылдың шілде айында Жәйрем кентінің ауруханасында терапевт-дәрігер болып еңбек жолын бастады. Алғашқы күннен-ақ ол үлкен жауапкершілік, өз ісіне деген адалдық, пациенттерге деген шынайы жанашырлық арқылы ұжым арасында зор құрметке ие болды.

Бүгінде Жания Ермұратқызы – директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, сонымен қатар пациенттерді қолдау қызметі мен ішкі бақылау бөлімінің басшысы. Бұл – жас та болса білікті маманға артылған сенімнің, еңбектің еленгенінің айқын көрінісі. Ол жыл сайын біліктілігін арттырып, түрлі курстарға қатысып, өз білімін үнемі толықтырып отырады. Өйткені медицина – үнемі дамуды, үздіксіз ізденісті талап ететін сала, ал Жания осы талаптарды толықтай орындайтын жан.

Отбасында да ол – мейірімнің, парасаттың, жылулықтың шуағы. Жолдасы Рымбек Әділет «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ полиметалл байыту фабрикасының бас инженері. Екі ару қыз – Айару мен Даяна олардың шаңырағына шаттық сыйлап, өмірлерін нұрландырып келеді.

Жания Ермұратқызы – қызметте білікті маман, ал үйде – аяулы жар мен асыл ана. Жәйремдей еңбекқор өңір үшін дәл осындай жанашыр, білімді, келісімді, адамдарға жан-тәнімен көмек қолын созуға дайын мамандардың орны ерекше.

Жания Ермұратқызы – жаңа буын дәрігерлерінің үлгілі өкілі. Оның жүрегі мейірімге толы, кәсібіне деген адалдығы мүлде бөлек, әр пациентіне шынайы жанашырлықпен қарайды.

8 наурыз мейрамы қарсаңында осындай абзал жанның еңбегін атап өту – үлкен құрмет. Ақ халатты абзал арудың болашағы жарқын, жетістігі мол боларына зор сенім бар. Өйткені мейірім мен парасатты, жауапкершілік пен ізгілікті серік еткен жанның жолы әрдайым ашық.

Жәйремнің мақтанышы – ақ халатына да, жүрегіндегі мейіріміне де адал ару.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.