Темірдей мінез, табанды төзім иесі

Еңбек адамы – ел дамуының темірқазығы, қоғамның тірегі. Жұмысшы мамандықтарының жылы – маңдай терімен ел экономикасын алға сүйреп жүрген қарапайым еңбек иелеріне көрсетілген зор құрмет. Бұл – күн сайын үнсіз еңбегімен өндірісті өркендетіп, тұрақтылық пен дамуға үлес қосып жүрген жандардың мерейін асқақтататын ерекше кезең. Осындай адал еңбегімен абырой биігінен көрініп жүрген жандардың бірі – Мағрипа Мусина.

Қаражал топырағында 1966 жылы дүние есігін ашқан ол туған жердің қасиетін жүрегіне тұмар етіп өсті. Балалық шағынан еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойына сіңірген Мағрипа Әлібиқызы алға қойған мақсатына нық қадаммен ұмтылды.

Қаражал қаласындағы №3 орта мектепті тәмамдаған соң, болашағын техникалық саламен байланыстыруды жөн көрді. Арман жетелеген жас талапкер Жезқазған қаласындағы тау-кен техникумында білім алып, таңдаған мамандығы бойынша оқуын тәмамдап шықты. Бұл оның кәсіби жолының берік іргетасын қалады.

1984 жылдан бастап еңбек жолын теміржол цехында бастаған ол сол уақыттан бері бір мекемеде табан аудармай қызмет етіп келеді. Бүгінде оның жалпы еңбек өтілі 42 жылды құрайды. Бұл – сирек кездесетін тұрақтылық пен мамандыққа деген адалдықтың айқын дәлелі.

Алғаш таразы өлшеушісі, кейін диспетчер қызметтерін абыроймен атқарып, ұқыптылығы мен тиянақтылығының арқасында ұжымның сый-құрметіне бөленді. 1989 жылы Магнитогорск қаласында біліктілігін арттыру курсынан өтіп, кәсіби деңгейін жаңа белеске көтерді. Бұл – оның үнемі ізденіс үстінде жүретін, білімін жетілдіруден жалықпайтын жан екенін дәлелдейді.

Бүгінде Мағрипа Әлібиқызы «Өркен-Атасу» ЖШС теміржол цехында станция бастығы қызметін атқарып келеді. Жауапкершілігі зор бұл лауазымда ол ұйымдастырушылық қабілеті мен мол тәжірибесін ұштастырып, ұжым жұмысының жүйелі әрі нәтижелі болуына үлес қосып отыр. Оның басшылығымен талай іс оң жолға қойылып, теміржол саласының дамуына серпін берілді.

Ол – тек білікті басшы ғана емес, ардақты ана. Үш баланы тәрбиелеп өсіріп, оларға адал еңбек пен адамгершіліктің қадірін ұғындырды. Үлкен ұлы шахтада еңбек етсе, кіші ұлы теміржол саласында қызмет атқарады, ал қызы Қарағанды қаласында тұрады.

Қарапайым қызметтен басшылық деңгейіне дейін көтерілу – табандылық пен маңдай тердің жемісі. Мағрипа Мусинаның өмір жолы – жұмысшы мамандықтарының қадірін арттыратын, жас ұрпаққа үлгі болар өнегелі ғұмыр.

Адал еңбек – абыройдың бастауы десек, 42 жылдық мағыналы еңбек өтілімен ол сол абырой биігінде нық тұрған жан.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.