Белсенділер ұлықталды

«AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалында партия күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік шараға мәслихат депутаттары, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымдары мен белсенді партияластар қатысты.

Шараға жиналған қауымды «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, партия ардагері Әбдірәсіл Рахым, мәслихат депутаттары Артем Ким, Айгүл Мауленина, Арынғазы Тәкібаев, Жалғасқан Құрмансейітов мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Белсенді еңбегімен көзге түсіп жүрген мәслихат депутаттарына «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ аймағымызды өркендетуге елеулі үлес қосып жүрген бір топ белсенді партияластардың еңбегі тиісті дәрежеде бағаланып, шара барысында Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Айта кету керек, марапатқа ие болған тұлғалар бастауыш партия ұйымдарының ұсынысымен анықталды.

Мерекелік шарада қалалық филиалға қарасты бастауыш партия ұйымдарына, оның ішінде БПҰ төрағаларына ерекше назар аударылды. Филиал жұмысының қарқыны мен нәтижесі бастауыш партия ұйымдарының белсенділігіне тікелей байланысты екені атап өтілді. Салтанатты шара барысында БПҰ төрағалары Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Жәйрем ауруханасы» БПҰ (төрағасы Серік Саянов) үздік болып танылып, арнайы әзірленген «Үздік БПҰ» статуэткасына ие болды.

Партия ардагері, қалалық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары, коалиция өкілі Әбдірәсіл Рахым партия қатарына жаңадан қабылданған жас өрендер – Азат Садуақасов пен Глеб Опрышкоға салтанатты түрде партиялық билеттерді табыстады.

Өз кезегінде Азат Садуақасов пен Глеб Опрышко партия қатарына қабылданғандарын зор мәртебе санайтындарын, партия бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асыруға адал еңбек ететіндерін және партия атына кір келтірмейтіндерін мінберде тұрып жеткізді.

Шараға қатысушылар естелік суретке түсіп, бір-бірін мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Өз тілшімізден.