Балалар жылы аясында Қаражал қаласы мәдени-сауық орталығының ұйытқы болуымен балғындардың жазғы демалысын қызықты әрі рухани тұрғыда пайдалы өткізу мақсатында тартымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Әсіресе, «Бұл трендті білсең, билей жөнел» флешмобы, «Шаш өру тәсілдерімен бөлісу», «Арбалар шеруі», «Үстел ойындары», ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «Жан шуағы» концерті секілді шаралар елді бей-жай қалдырмағаны сөзсіз.
Осы шаралардың ішіндегі ерекше қызықтысы – Қаражалда алғаш рет ұйымдастырылған «Мен анамның ханшайымымын» атты керемет байқауы болды. Байқауға 5-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер Меруерт Қартай, Даяна Өмірзақова, Наргиз Қамзина, Аяла Бейбіт қатысты.
Байқау шарты бойынша қатысушылар қолда бар құралмен ерекше үлгідегі көйлек тігіп киюі қажет болатын. Нәтиже күткеннен де жоғары деңгейде болды десек, артық айтпаған болар едік. Сәбиінің талабына жүрегінің нұрын сеуіп жүретін аналар бұл жолы өздерін дизайншы қырынан танытып, газет, полиэтилен қапшық, ас үйге арналған түрлі майлық, тағы да басқа күнделікті тұрмыс құралдарынан ерекше көйлектер тігіп шығарғанын көрген жандардың таң қалмағаны жоқ.
Көйлектердің бірінен бірі өтетіні қалыспайтыны соншалық, қатысушылардың бәрі де марапатқа ие болды.
Бағалы бастама бүлдіршіндердің болашағына оқ ықпал етері күмәнсіз. Біз бұл байқаудан осындай ой түйдік.
Балшырын АМАНТАЙ