Алтын күз әуеніне өрілген өнер

Өткен аптада қаламыздың мәдени-сауық орталығында алтын күздің ажарын айшықтаған ерекше шара – мемлекеттік мекемелер арасындағы «Күз симфониясы» атты өнер додасы өтті. Күз – табиғат пен адамның көңіл-күйі үйлесім тапқан, молшылық пен берекенің кезеңі болса, осы байқау да сол мезгілдің сәні мен салтанатын, еңбектің нәтижесін және шығармашылықтың шексіз мүмкіндігін айқын көрсеткен айтулы кеш болды.

Іс-шараның басты мақсаты — тұрғындарды көркемөнерпаздыққа тарту, қаладағы мекемелер мен ұйымдар арасындағы достық байланыстарды күшейту, ұжымдық рухты нығайту, қызметкерлердің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік жасау еді. Байқауға төрт ірі мекеме қатысты. Олар: № 1 Тірек мектебі, № 3 және № 7 жалпы білім беретін мектептер және Тау-кен техникалық колледжі.

Әр ұжым өнерлі қызметкерлерін жинап, тыңғылықты дайындықпен келіп, қала жұртшылығы алдында өздерінің ерекше дарындарын, сахналық мәдениетін, батыл идеясын паш етті. Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең — вокал, мұнда қатысушылар еркін тақырыпта ән орындап, дауыс мүмкіндігін, мәнерін, сахнада өзін ұстау мәдениетін көрсетті. Күздің лирикалық әуенімен үндескен әдемі әндер көрермендерді бірден баурап алып, кештің сәнін кіргізді.

Екінші кезең — «Күзгі вальс» көрермен қауымды ерекше әсерге бөледі. Әуен ырғағына билеген жұптар күзгі жапырақтай қалықтап, үйлесімді қимылдарымен залды әсемдікке толтырды. Вальс сәні мен сұлулығы арқылы әр ұжымның дайындығының деңгейі анық көрінді.

Үшінші кезеңде мекемелер күз тақырыбында бейнеролик түсіріп, тикток немесе вайн форматында ұсынды. Қатысушылар күздің сұлулығын әр қырынан ашып, юмор мен креативті идеяларды шебер үйлестірді. Қысқа бейне арқылы маусымның мағынасын жеткізу — үлкен еңбекті талап ететіні анық, ал ұжымдар бұл кезеңде ерекше тапқырлық таныта білді.

Соңғы шешуші кезең — дефиле болды. Мұнда табиғи материалдардан, күзгі түстердің үйлесімінен жасалған сән үлгілері таныстырылды. Қатысушылар өз қолымен жасаған образдары арқылы күздің шынайы көркемдігін сахнада қайта жандандырды. Алтын сары, қоңыр, қызыл реңктермен безендірілген киімдер көздің жауын алып, шығармашылықтың жаңа деңгейін көрсетті.

Байқаудың әділ әрі дұрыс бағалануы үшін арнайы әділқазылар алқасы құрылды. Қазылар құрамына Қаражал қаласы білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Бақыт Мамина, этникалық үлгідегі киім дизайнері әрі «Халыққа арналған үздік тауар» номинациясының жеңімпазы Салтанат Байтасова, мәдени-сауық орталығының тәжірибелі хореографы Мақпал Наралиева және жастар ресурстық орталығының маманы Сания Тоқабаева енді. Олар әр кезеңге кәсіби баға беріп, өнердің шынайы құндылығын әділ таразылады. Ұпайлар ашық, әділ және талқыланбайтын түрде қойылып отырды.

Барлық қатысушы мекемелер байқауды жоғары деңгейде өткізгенін айту қажет. Әр ұжым бір-бірінен кем түспей, шығармашылық шеберлігін, ұйымшылдығын, биік талғамын көрсетті. Көрермендер де кеш бойы қатысушыларды қолдап, ризашылықпен қошемет көрсетіп отырды.

Дегенмен, сайыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні белгілі. Қорытынды бойынша № 3 жалпы білім беретін мектеп үздік нәтиже көрсетіп, 1 орынды иеленді. № 1 Тірек мектебі мен № 7 жалпы білім беретін мектеп 2 орынға лайық деп танылды. Ал тау-кен техникалық колледжі 3 орынды қанжығасына байлады.

«Күз симфониясы» қаламыздың шығармашылық тынысын жандандырып, өнерге деген ықыласты арттырған, ұжымдық бірлікті күшейткен ерекше кеш ретінде есте қалды. Алтын күздің көркемдігі мен адам еңбегінің үйлесімін дәріптеген бұл байқау қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жарқын әсер қалдырды.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ