Үздіктер марапатталды

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да адам өмірі мен денсаулығы әрқашан басты назарда. Қауіпсіздік сақтау – бұл тек талап емес, әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі. «Казцинк» ЖШС Бас директоры Жанат Жанботин айтқандай, қауіпсіздік – жоғарыдан берілетін бұйрық емес, әр жұмыс күнінің бастауы болуы тиіс. Осы ұстанымды берік ұстанған комбинат қызметкерлері өз жұмыстарында қырағылық пен ұқыптылықты бірінші орынға қояды.

Өндірісте қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындап, кез келген қауіп-қатердің алдын алуға үлес қосқан қызметкерлер әрдайым елеусіз қалмайды. Басшылар тарапынан марапаттау – олардың еңбегіне берілген лайықты баға.

Осы жолғы өндірістік кеңесте өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары екі қызметкер «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықовтың қолынан марапат алып, ерекше құрметке ие болды.

Манат Мұздарапов – өндірісте 20 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Ол ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Манат өз жұмысына адал, міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде өзінің ауысымы болмаса да, бригадасын ертіп келіп, жұмысқа атсалысады. Себебі, ол жөндеу сапасы жоғары болса, өндіріс тоқтамай, жоспар уақытында орындалатынына сенімді.

Ал Алтынай Абубакирова, полиметалл байыту фабрикасының шебері, Алғыс хатпен марапатталды. Оның қырағылығы бір адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін еді. Түнгі сағат 03.30 шамасында жұмыс орындарын аралау барысында Алтынай флотация бөлімінде шамамен 10 метр биіктікте монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер слесарінің сақтандыру белдігі бекіту нүктесіне қосылмағанын байқайды. Бұл – кез келген сәтте ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін қауіпті жағдай. Алтынайдың дер кезінде жасаған ескертуі үлкен апаттың алдын алды.

Міне, осындай өз ісіне мығым, қызметіне адал өндірісшілер әрдайым құрметке лайық. Олардың еңбегі – қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудағы үлгі. «Жәйрем кен байыту комбинаты» ұжымы үшін бұл марапаттар – тек құрмет емес, барша қызметкерлерге қауіпсіздікке деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА