«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 27-бабына сәйкес сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) белгіленген кепілдік мерзімі, сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде оның қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.
Сонымен қатар, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға ықтимал тәуекел туралы және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдалану, оны сақтау, тасымалдау немесе кәдеге жарату үшін арнаулы ережелерді сақтау қажет болса, онда дайындаушы (орындаушы) оларды тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсетуге міндетті.
Еске сала кетейік, сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.
Тауарды қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтірілген залалды сатушы (дайындаушы) толық көлемде өтеуге тиіс.